Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті қолдау мен дамыту мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі екенін айтып келеді. Мемлекет басшысының айтуынша, ең алдымен қосылған құны жоғары өнім өндіретін шағын бизнесті қолдау күшейтілуі қажет. Мемлекет тарапынан берілетін қолдау кәсіпкерлердің ісін кеңейтіп, жаңа деңгейге шығуына серпін беруі тиіс.
Осы орайда Түркістан облысында шағын және орта бизнесті қолдау, жергілікті өндіріс орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықаралық үздік тәжірибелерді енгізу бағытындағы жүйелі жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы маңызды бастамалардың бірі ретінде Кентау қаласына қарасты Қарнақ елді мекенінде халықаралық сарапшының қатысуымен өндірістік тәжірибе алмасу шарасы өтті.
«Аға сеньорлар» — Senior Expert Service арнайы бағдарламасы аясында Германиядан келген тәжірибелі сарапшы Валбурга Гусманн Қарнақ ауылында орналасқан «Medical Style» ЖШС-нің тігін цехына арнайы ат басын бұрды. Сапар барысында германиялық маман кәсіпорынның жұмыс барысымен толық танысып, жергілікті тігіншілер мен кәсіпкерлерге өз біліктілігін бөлісті.
Тәжірибе алмасудың негізгі бағыттары — тігін цехындағы жұмыс орындарын оңтайландыру және өндірістік үдерістерді заманауи стандарттарға сай жетілдіру және шығарылатын тиімді өнімдердің сапасын арттыру және тігін технологиясының қыр-сырын үйрету. Сондай-ақ, кәсіпорынның өндірістік қуаттылығын арттыру және жаңа халықаралық тәсілдерді енгізу бойынша кеңестер берді. Германиялық сарапшының көпжылдық кәсіби тәжірибесі жергілікті кәсіпкер үшін өндіріске жаңа идеялар мен тиімді жұмыс тәсілдерін енгізуге үлкен мүмкіндік жасалды. Б
ұл маңызды халықаралық іс-шараны ұйымдастыру және жергілікті кәсіпкерге қажетті жан-жақты сүйемелдеу жұмыстарын «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жобаларды сүйемелдеу бағыты жүзеге асырды. Орталық өңірдегі кәсіпкерлердің халықаралық деңгейге шығуына, біліктілігін арттыруына және жаңа өндірістік технологияларды меңгеруіне тұрақты түрде қолдау білдіріп келеді. Халықаралық тәжірибе алмасу – өңір кәсіпкерлерінің кәсіби әлеуетін арттырып, өндірісті сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін тиімді құралдардың бірі.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің берген тапсырмасына сәйкес, өңірде халықаралық кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы бағдарламалар жан-жақты зерделеніп, жергілікті бизнесті дамытуға тиімді бастамалар анықталуда. Осы тапсырма аясында облыста «Аға сеньорлар» бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Бағдарламаның басты көрсеткіштері мен нәтижелері жайында тарқатсақ, биыл Түркістан облысына түрлі салалар бойынша 10-нан астам шетелдік білікті сарапшы шақырылды.
Шетелдік мамандар өңірдегі жергілікті кәсіпкерлерге тігін, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және басқа да салаларда өз тәжірибелерімен бөлісті. Кентау қаласы мен Қарнақ елді мекеніндегі өндіріс орындарын халықаралық стандарттарға сай дамыту бағытындағы бұл оң бастамалар келешекте де өз жалғасын табатын болады.

