Қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық өркендеуі ең алдымен азаматтардың тұрақты, лайықты еңбекпен қамтылуымен тікелей байланысты. Тұрақты табыс көзі – адамның жеке басының берекесі, отбасының амандығы ғана емес, бұл мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты нәтижесі, халықтың әл-ауқатын арттырудың ең негізгі тетігі. Осы мақсатта Мақтаарал ауданында прокуратура органдарының бастамасымен және аудандық мансап орталығы филиалының кәсіби ұйымдастыруымен өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі қоғамдағы өзекті мәселелерді шешудің тиімді тетігін көрсете білді. Бұл іс-шара – тек жұмыс беруші мен ізденушіні жолықтыратын орта ғана емес, бұл азаматтардың өз тағдырына жауапкершілікпен қарауына бағытталған стратегиялық алаңға айналып отыр десекте болады.
Бұл шараның негізгі жүгі – қарапайым жұмыс іздеу емес, қоғамдағы ең күрделі әрі қолдауды қажет ететін санаттарға бағытталған «әлеуметтік қорғау» функциясы. Прокуратура органдарының бұл бастаманы қолға алуы – құқықтық тәртіп пен әлеуметтік ахуалдың тығыз байланысын көрсетеді. Жұмыссыздық – қылмыстың, отбасылық жанжалдардың және әлеуметтік шиеленістің негізгі себептерінің бірі. Осыны ескере отырып, жәрмеңкенің негізгі нысаналы топтарына ерекше назар аударылды. Алдыменен алимент төлеу бойынша берешегі бар азаматтар қамтылып, олардың балаларының тағдырына жауапты, алайда уақытша қиындыққа тап болып, қарыздан құтыла алмай жүрген азаматтарды еңбекпен қамту, әрине бала құқығын қорғаудың ең гуманистік, ең пәрменді жолы екені айтпаса да түсінікті. Бұл – баланың қалыпты өсіп-дамуына, тамақтануына, білім алуына және рухани дамуына кепілдік беретіні сөзсіз.
Мұнан кейін, пробация қызметінің есебінде тұрғандар үшін, яғни олардың қоғамға қайта сіңісуі, түзу жолға түсуі және еңбек етуі – қылмыстық ортадан түпкілікті қол үзудің кепіліне айналары сөзсіз. Әрине, тұрақты еңбекпен қамтылған азамат қайта қылмыс жасауға бейім болмайды, ол өз еңбегімен отбасын асырап, қоғамға пайдасын тигізетін толыққанды азаматқа айналады.
Сонымен қатар, еңбек нарығында өз орнын таппай жүрген, бірақ жұмыс істеуге ынталы, еңбекке қабілетті тұрғындар, яғни жұмыссыз азаматтар міселесі де ескерілді. Сонымен, осы санаттарды жұмыспен қамту – мемлекеттік деңгейдегі әлеуметтік мәселелердің «түйінін» тарқатуға септігін тигізеді. Бұл – әрбір азаматтың өзіне деген сенімін ояту, қоғамдағы мәртебесін қалыпқа келтіру үдерісі. Жәрмеңкеге аудан аумағындағы ірі өндірістік, шаруашылық және қызмет көрсету саласының өкілдерінен құралған 12 жұмыс беруші қатысты. Олар ізденушілерге 40-қа жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Бұл – тек сандық көрсеткіш емес, бұл қырық отбасының әл-ауқатының жақсаруына берілген мүмкіндік болды.
Іс-шара барысында қатысушыларға тек жұмыс орындары ғана ұсынылмай, сонымен қатар азаматтарға мемлекеттік қолдаудың сан қыры түсіндірілді. Мәселен, жастар практикасы бойынша оқу бітірген жас мамандарға тәжірибе жинақтап, мансап жолын бастауға көмектеседі. Бұл – жастардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сондай-ақ, қоғамдық жұмыстар бағытында уақытша табыс тапқысы келетін немесе жаңа мамандыққа бейімделгісі келетін жандарға арналған. Бұл – жұмыссыздықты жоюдың жедел әдістерінің бірі. Ал, ерікті қоныс аудару бағдарламалары барысында еңбек ресурстары тапшы өңірлерге көшіп, сол жақта өз бағын сынауға ниетті жандар үшін ашылған үлкен есік. Бұл бағдарлама – аумақтық еңбек теңгерімсіздігін жоюға бағытталған маңызды қадам.
Жәрмеңкенің ең басты артықшылығы – «адам мен жұмыс беруші» арасындағы тікелей қарым-қатынас. Қағаз жүзіндегі түйіндемелер мен электронды өтінімдерден гөрі, бетпе-бет сұхбат – адамның психологиялық жағдайын, оның ынтасын және кәсіби қабілетін бағалауға мүмкіндік береді. Қатысушылар өздеріне лайықты бағыттарды таңдап, жұмыс берушілермен тікелей келісімге келу мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде, бірқатар азаматтар тұрақты жұмысқа орналасу жолдамаларын алып, алғашқы қадамдарын жасады.
Бұл кезеңде ең маңыздысы – жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігі. Әлеуметтік осал топтардан келген азаматтарды жұмысқа қабылдау – бизнес өкілдері үшін де ерекше саты. Олар еңбек ресурстарын толықтырып қана қоймай, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асуына да үлкен үлес қосатыны сөзсіз.
Жалпы, аталған іс-шара азаматтарды жұмыспен қамтуға ғана емес, олардың қоғамға бейімделуіне, әлеуметтік қорғалуына ықпал ететін маңызды алаңға айналды. Прокуратура органдары мен Мансап орталығының бірлескен бұл жұмысы – мемлекеттік органдардың бірігіп, халыққа қызмет көрсетуінің озық үлгісі. Мұнда прокуратура қадағалау функциясын атқарса, мансап орталығы сервис көрсетуші ретінде әрекет етеді. Осы екі бағыттың түйіскен жерінде халыққа қызмет көрсетудің сапасы артады, азаматтардың заңды мүдделері толық қорғалады.
Мұндай кешенді шаралар тек бір күндік іс-шара болып қалмауы тиіс. Бөлім мамандары жұмысқа орналасқан әрбір азаматтың кейінгі тағдырына мониторинг жүргізеді. Егер қандай да бір қиындықтар туындаса, оларды оқыту, қайта даярлау немесе психологиялық қолдау көрсету жағы әрқашан қарастырылады. Әрбір жұмыс тапқан азамат – бұл қоғамның саулығына қосқан үлес. Жалпы, Мақтаарал ауданында өткен ел игілігіне пайдасы орасан шара тек бүгінгі күннің қажеттілігі емес, бұл ауданның экономикалық әлеуметтік әлеуетін арттыратын ұзақ мерзімді инвестиция деуге де болады. Қорытындылай келе айтпағымыз, жәрмеңкенің нәтижесі – сандармен ғана емес, адамдардың көзіндегі сеніммен өлшенеді. Әрбір жаңа жұмыс орны – бұл бір отбасының асыралуы, бір баланың күлкісі, бір азаматтың өзіне деген сенімінің қайта оралуы. Мақтаарал ауданындағы бұл бастама – әлеуметтік әділеттілік пен адам құндылығын жоғары қоятын қоғамның үлгісі.
Әрбір азаматтың тағдыры – біздің ортақ құндылығымыз болғандықтан жұмыс іздеушілерге, қиындықты еңсеруге бел буған жандарға мемлекет әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Жұмыс жәрмеңкелері – кәсібилік пен мейірімділіктің түйіскен нүктесі. Еңбек етемін деген әрбір азамат үшін есік айқара ашық, ал оны тиімді пайдалану – әркімнің өз қолында. Біз бірлесе отырып, әрбір азаматтың қоғамдағы өз орнын табуына жағдай жасай береміз. Еңбек – еңсе тіктейтін, адамды биікке жетелейтін даңғыл жол. Осы жолда өз жұмыс орнын тауып, отбасының асыраушысына, ал қоғамның қамқоршысына айналған әрбір еңбек адамының қадамына сәттілік серік болсын дейміз.

