Қазіргі таңда әлемдік дамудың басты қозғаушы күші — жоғары технологиялар, инженерия және жасанды интеллект екені даусыз. Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі оның табиғи ресурстарымен ғана емес, ең алдымен адам капиталының сапасымен, жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетімен өлшенеді. Осы орайда, елімізде жастардың ғылым мен техникаға деген қызығушылығын арттыру, робототехника мен ІТ-саланы дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Осындай жүйелі қолдау мен жастардың жаңашылдыққа деген ұмтылысының кезекті жарқын жемісі Алматы қаласында өткен беделді де ауқымды Almaty Tech Cup XII халықаралық технофестивалінде көрініс тапты. Бұл дода Түркістан облысының білім беру саласы мен жас өнертапқыштары үшін нағыз триумфқа, тарихи жеңістерге толы айтулы оқиғаға айналды. Робототехника, инженерия және жасанды интеллект (AI) бағыттарында еліміздің және шет елдердің ең мықты деген командалары бақ сынаған бұл байрақты бәсекеде Түркістан облысының дарынды оқушылары озық нәтиже көрсетті. Олар тек халықаралық чемпионаттарға жолдама алып қана қоймай, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының толық білім гранттарын және беделді марапаттарды қанжығаларына байлады.
Айта кетсек, Almaty Tech Cup XII — бұл жай ғана жарыс емес, бұл болашақ инженерлердің, бағдарламашылар мен өнертапқыштардың басын қосатын, идеялар тоғысатын халықаралық деңгейдегі ірі инновациялық алаң. Онда қойылатын талаптар өте жоғары, ал қазылар алқасының құрамы халықаралық сарапшылардан жасақталған. Осындай жоғары деңгейлі додада облыс намысын қорғаған жас дарындар өздерінің құрастырған роботтарымен, инновациялық жобаларымен және бағдарламалау дағдыларымен көпшілікті тәнті етті. Жарыс қорытындысы бойынша өңірдің бірден 6 бірдей командасы халықаралық чемпионаттарда Қазақстанның атынан өнер көрсету құқығына, яғни алтын жолдамаға ие болды.
Олар, халықаралық аренада ел намысын қорғайтын топтар: Qazygurt командасы (Қазығұрт ауданы) , Tólebi Daryn және Barni командалары (Төлеби ауданы), SilkWayBots командасы (Сарыағаш ауданы), 33Tur Robotics және TurAndroid командалары (Түркістан қаласы).
Бұған қоса, бірнеше команда дүниежүзіне танымал FIRST LEGO League (FLL) бағдарламасының түрлі күрделі аталымдары бойынша арнайы марапаттарға ие болып, Түркістан облысының білім деңгейі мен заманауи технологияларды меңгеру әлеуетін халықаралық деңгейде тағы бір мәрте дәлелдеп шықты.
Фестиваль аясында жекелеген бағыттар бойынша өткен сайыстарда да өңір мақтаныштары үздіктер қатарынан көрінді. Олар өздерінің білімі мен табандылығының арқасында мектеп қабырғасында жүріп-ақ жоғары оқу орындарының толық білім грантын жеңіп алды.
Мәселен, Қазығұрт ауданындағы Қ. Сәтбаев атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Давронбек Гүлмира «Hour of AI» (Жасанды интеллект сағаты) бағыты бойынша қатысып, ерекше аналитикалық қабілетімен көзге түсті. Ол жасанды интеллект алгоритмдерін құру мен оларды қолдануда үздік нәтиже көрсетіп, Қазақ жасанды интеллект зерттеу университетінің толық білім грантына ие болды. Бұл — Қазығұрт өңіріндегі білім беру сапасы мен ІТ-технологияларды оқытудың жоғары деңгейде екендігінің нақты айғағы.
Жарыс қорытындысында ерекше шеберлігімен дараланған Төлеби ауданының «Tólebi Daryn» командасының капитаны Сматилла Нұрислам техникалық бағыттағы ең беделді оқу орны — Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің (Polytech) толық білім грантын жеңіп алды. Команданы алға сүйреген көшбасшының бұл жеңісі бүкіл аудан үшін үлкен мәртебе.
Ал, Түркістан қаласының намысын қорғаған талантты оқушы Абай Нұрдәулет Бахытұлы «RoboCup Soccer» (Роботтар футболы) бағыты бойынша асқан шеберлік танытты. Роботтардың өзара футбол ойнауына негізделген бұл күрделі бағдарламалау мен механикалық дәлдікті талап ететін сайыста Нұрдәулет күміс жүлдені иеленіп, халықаралық сарапшылардың жоғары бағасын алды. Мұндай ауқымды жеңістер ешқашан кездейсоқ келмейді. Бұл ең алдымен оқушылардың айлап, жылдап істеген табанды еңбегінің, ұйқысыз түндері мен үздіксіз ізденістерінің нәтижесі. Сонымен қатар, бұл жетістіктің артында үлкен ұстаздар қауымы мен жетекшілердің кәсібилігі тұр. Жастарға бағыт-бағдар беріп, робототехниканың қыр-сырын үйреткен, заманауи трендтерді мектеп бағдарламасына бейімдей алған жаттықтырушылардың еңбегі ерекше атап өтуге лайықты.
Ұл-қыздарының талантына сеніп, олардың заманауи техникамен айналысуына жағдай жасаған, моральдық және материалдық тұрғыдан демеу болған ата-аналардың да бұл жеңістегі үлесі орасан зор. Мемлекет тарапынан, атап айтқанда Түркістан облысының білім басқармасы мен жергілікті әкімдіктердің мектептерді заманауи робототехника кабинеттерімен, STEM-лабораториялармен жабдықтауы осындай халықаралық деңгейдегі жеңімпаздардың шығуына берік іргетас қалады.
Almaty Tech Cup XII фестивалінде Түркістан облысының 6 командасының халықаралық чемпионатқа жолдама алуы және 2 оқушының толық білім грантын жеңіп алуы — аймақтың интеллектуалды әлеуетінің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Бұл жеңіс өңірдегі өзге де мыңдаған оқушыларға үлкен мотивация берері сөзсіз. Себебі, алдағы уақыттың еншісінде жас инженерлерді бұдан да жауапты әрі күрделі сынақтар — әлемдік деңгейдегі халықаралық чемпионаттар күтіп тұр. Онда олар тек өз облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның намысын қорғайтын болады.
Ия, Түркістан облысының жас инженерлері мен өнертапқыштары алдағы халықаралық додаларда Қазақстанның көк Туын әлемдік аренада биікке көтеріп, ел абыройын асқақтата беретініне сеніміміз мол! Барша жеңімпаздарды, олардың қанатты қақтырған жетекшілері мен мақтанышпен демеген ата-аналарын осынау зор триумфпен шын жүректен құттықтаймыз! Қадамдарың құтты, болашақтарың жарқын болсын, жас дарындар!

