Сайрам ауданының Төтенше жағдайлар басқармасы ауданның аграрлық әлеуетін қорғау мақсатында, егістік алқаптарындағы өрт қауіпсіздігін сақтау тақырыбында ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бұл іс-шара егін жинау науқаны қарсаңында аса өзекті болып отыр, себебі құрғақшылық пен ыстық ауа райы өрт қаупін арттыратыны белгілі. Жаз мезгіліндегі өрт қаупінің алдын алудың маңызы орасан. Себебі егістік алқаптарындағы өрттер ауыл шаруашылығына орасан зор зиян келтіріп қана қоймай, қоршаған ортаға да, адам денсаулығына да қауіп төндіреді. Мұндай өрттердің негізгі себептері әсіресе адами фактор екендігі шындық. Абайсыздықпен немесе өшірмей тасталған темекі тұқылы, рұқсат етілмеген жерде от жағу және ауыл шаруашылығы техникасынан ұшқан ұшқындар. Ашып айтар болсақ, комбайндар мен басқа да ауыл шаруашылығы техникаларының ақауы, қызып кетуі немесе дұрыс техникалық қызмет көрсетілмеуі өртке себеп болуы әбден мүмкін. Табиғи факторлардан болатын өрттер де аса қауіпті. Найзағай түсуі немесе өте ыстық, құрғақ, желді ауа райы жағдайларында кішкентай ұшқынның өзі үлкен өртке ұласып, ауыр жағдайларға апаратын жағдайларда орын алып жататыны шындық.
Сайрам ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері шаруа қожалықтарының басшыларымен, механизаторлармен және ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын түсіндірді. Түсіндірме жұмыстары барысында келесі бағыттарға баса назар аударып, алдын алу шараларына тоқталды. Мысалы егістік алқаптарының шеттерінде ені кемінде 4 метр минералды жолақтарды жырту қажеттілігі түсіндірілді. Бұл өрттің бір алқаптан екінші алқапқа немесе орман алқабына таралуына жол бермейді. Құрғақ шөптердің көп болуы да, түрлі жағдайларға апаруы мүмкін. Сондықтан да елді мекендерге жақын орналасқан егістіктердің айналасындағы құрғақ шөптер мен өсімдік қалдықтарын уақтылы тазарту керектігі ескертілді. Оған қоса егін жинауға шығатын барлық ауыл шаруашылығы техникаларының өрт сөндіру құралдарымен (өрт сөндіргіштер, күректер, тырмалар) жабдықталуы және олардың техникаларының ақаусыз болуы міндеттелді. Осыған байланысты, әрбір шаруашылықта өрт қауіпсіздігіне жауапты тұлғаларды бекіту және олардың міндеттерін нақтылау ұсынылды. Өрт анықталған жағдайда дереу «101» немесе «112» қызметтеріне хабар берудің маңыздылығы да түсіндірілді.
Жалпы өрттің алғашқы белгілері байқалғанда, оны қолда бар қарапайым құралдармен (құм, топырақ, су) сөндіруге тырысу, қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, адамдарды эвакуациялау қажеттілігі айтылды. Өрт жақын маңдағы техникаға жайылмас үшін оларды қауіпсіз жерге көшіру туралы нұсқаулар берілді. Түсіндірме жұмыстары барысында Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері арнайы жаднамалар мен плакаттарды таратты. Оларда өрт қауіпсіздігі ережелері қарапайым және түсінікті тілмен баяндалып, көрнекі суреттермен толықтырылды. Бұл ақпараттық материалдар шаруашылықтардың кеңселерінде, техника тұрақтарында және басқа да көпшілік жиналатын орындарда ілінуге ұсынылды.
Егістік алқаптарындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бұл тек төтенше жағдайлар қызметінің ғана емес, аудан әкімдігінің, ауыл шаруашылығы басқармасының, әрбір шаруа қожалығы басшысының және әрбір ауыл тұрғынының ортақ міндеті. Әрбір адамның жауапкершілікпен қарауы және өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауы ғана егістіктерді өрттен қорғап, мол өнімді сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сайрам ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының егістік алқаптарында жүргізген түсіндірме жұмыстары өте орынды және уақтылы қабылданған шара. Дегенмен, бұл жұмысты бір реттік акция ретінде емес, тұрақты негізде жүргізу қажет. Әсіресе, егін орағы кезеңінде қауіпсіздік шараларын бақылауды күшейтіп, тәртіп бұзушылықтарға қатаң шара қолдану маңызды. Неге десеңіз, егістіктер – ауданның байлығы, оның болашағы, халықтың азығы. Бұл байлықты сақтап қалу үшін өрт қауіпсіздігіне баса мән беріп, әрбір азаматтың саналы жауапкершілігін арттыру қажет.