Бүгін аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов Ақбастау ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, елді мекендердің әлеуметтік нысандары мен инфрақұрылымдарының жай-күйімен танысты деп, хабарлаған Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Сапар аясында Кеңес елді мекеніндегі ішкі көшелердің жағдайын, балалар ойын алаңын, Ақбастау ауылындағы тұрмыстық қалдықтар төгілетін полигон аумағын, сондай-ақ құрылысы жүріп жатқан жаңа спорт кешенінің жұмысын көзбен көрді. Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов атындағы мектептің қазіргі жай-күйі мен пайдаланудағы ауыз су жүйелеріне жүргізіліп жатқан қайта құру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ.
Сапар барысында Ерлан Нұрмаханов жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың өзекті мәселелерін тыңдады. Ауыл халқы жол жөндеу, ауыз су сапасы, инфрақұрылым бойынша бірқатар мәселелерді көтерді. Аудан басшысы көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп, алдағы уақытта бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Ерлан Нұрмаханов ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.