Қазіргі құбылмалы заманда елдің тыныштығы мен мемлекеттің тұтастығы — басты байлығымыз. Осы бейбіт өмірдің қадірін білу және жат ағымдардың ықпалынан сақтану мақсатында Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы мен шәкірттері айтулы шара өткізді. Спортшылар мен жаттықтырушылар бірлесе отырып, терроризм мен діни экстремизмге қарсы азаматтық ұстанымдарын ашық паш етті.
Бұл жиын — тек ұрандату емес, жас ұрпақтың санасына ұлттық бірлік пен тұрақтылық идеясын сіңіруге бағытталған маңызды қадам болды. Ия, спортшы — тек физикалық тұрғыдан мықты тұлға ғана емес, ол ең алдымен тәртіпті, тәрбиелі және өз елінің патриоты. №2 спорт мектебінің жаттықтырушылары шәкірттерінің бойына тек жеңіске деген құлшынысты емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарға деген құрметті сіңіріп келеді. Жиын барысында спортшылар бір ауыздан, «ТЕРРОРИЗМГЕ ЖОЛ ЖОҚ!» деген ортақ ұранды асқақтата айтып, қоғам қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін өздерінің бекем позициясын көрсетті. Саналы жеткіншектердің бұл үні — жат идеологияларға берілген нақты жауап. Ұйымдастырушылар іс-шараның мақсатын бірнеше маңызды бағытқа жіктеді. Мәселен, жастардың діни сауаттылығын арттырып, деструктивті ағымдардың алдау-арбауына түспеу жолдарын түсіндіру. Рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында, қлттық салт-дәстүр мен ана тілімізді қастерлеу арқылы ішкі иммунитетті нығайту. Бірлік пен татулық аясында, көпұлтты еліміздегі бейбітшілікті сақтау — әрбір азаматтың қасиетті міндеті екенін ұғындыру және спорт арқылы жастарды жат әдеттерден алшақ ұстап, оңтайлы ойлау жүйесін қалыптастыру.
Терроризм — бұл тек қарулы қақтығыс емес, бұл — адам өміріне қауіп төндіретін, қоғамның тыныштығын бұзатын қатерлі идеология. Спорт мектебінің ұжымы бұл дертке қарсы тұру тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның, соның ішінде жастар мен спорт саласы өкілдерінің ортақ міндеті екенін атап өтті.
Спортшылардың айтуынша, нағыз күш — білекте емес, бірлікте. Бірлігіміз мықты болса ғана еліміз кез келген қауіпке төтеп бере алатын қуатты мемлекетке айналады. Қорытындылай келе,Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен бұл шара — қала жастарының жоғары азаматтық белсенділігінің көрінісі. Бейбіт өмір — біздің басты құндылығымыз, ал сол құндылықты қорғау — біздің ортақ парызымыз.
Біз терроризмге қарсымыз! Біз бейбітшілікті қолдаймыз!

