Түркістан қаласында әлеуметтік саланы дамыту және тұрғындардың өзекті мәселелерін шұғыл шешу мақсатында қала әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлы кезекті рет азаматтарды жеке қабылдады. Алдын ала жазылған тұрғындардың өтініштері мұқият тыңдалып, олардың көтерген әрбір мәселесіне ерекше назар аударылды.
Қабылдау барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты, соның ішінде тұрғын үй, кәсіпкерлік, экономика және туризм салалары бойынша бірқатар сұрақтар қаралды.
Әкім орынбасары Аманжол Бақытжанұлы әсіресе тұрғындардың өмірлік маңызы бар мәселелеріне басымдық берді. Дәлірегінде, тұрғын үйге қатысты арыз-шағымдар, әлеуметтік қолдау шаралары, тұрмыстық мәселелерді шешу, апатты үйлерді жөндеу және қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы өтініштер айтылды.
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары әрбір өтініштің мән-жайын зерделеп, бірқатар өтініштердің тез арада оң нәтиже беруі үшін тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, кейбірі сол мезетте шешімін тапты.
Қабылдаудың тиімділігі мен нәтижелілігі жоғары болды. Бұл – бюрократиялық кедергілерді азайтып, халықтың мұң-мұқтажын тез арада қанағаттандыруға деген биліктің ұмтылысын көрсетеді.
Қала әкімінің орынбасары тұрғындармен ашық байланыс орнату, әр өтінішке жедел әрі тиімді жауап беру – жергілікті атқарушы биліктің басты міндеті екенін атап өтті.
«Азаматтарды жеке қабылдау – билік пен халық арасындағы сенімді нығайтатын тікелей көпір. Біздің жұмысымыздың нәтижелілігі тұрғындардың мүддесін қорғаудан басталады», – деді Аманжол Бақытжанұлы.
Айта кетейік, Аманжол Бақытжанұлының азаматтарды жеке қабылдауы әр жұма күні бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде өткізіледі. Тұрғындар қабылдауға «Е-Өтініш» жүйесі арқылы немесе қалалық Азаматтарды қабылдау орталығы арқылы алдын ала жазылуға болады.
Бұл жүйелі жұмыс Түркістан қаласының әлеуметтік саласының жақсаруына және тұрғындардың өмір сапасының артуына үлкен үлес қосары сөзсіз.

