Түркістан облысында білім беру жүйесін жаңғырту, оқыту мазмұнын байыту және мектептердегі білім сапасын арттыру бағытындағы кешенді шаралар қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен алқалы жиында саладағы ең өзекті мәселелер – оқушылардың білім жетістіктерін жақсарту мен сапалы білім алуға тең мүмкіндіктер жасау бағыттары кеңінен талқыланған болатын.
Облыстық деңгейде қабылданған тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Кентау қаласының білім бөлімінің басшысы Әділ Әуелбеков бөлім қызметкерлерімен, әдіскерлермен және жауапты мамандармен арнайы жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында Кентау қалалық білім бөлімінің басшысы А. Әуелбеков өңір басшылығы тарапынан жүктелген негізгі міндеттерді таныстырып, қала мектептерінде білім сапасын көтерудің қадамдық жоспарын ұсынды.
Жұмыс кездесуінде сарапталған басты бағыттар, оқушылардың оқу жетістіктерін, функционалдық сауаттылығын және пәндік білім тереңдігін арттыру, педагогтердің кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдіру, заманауи оқыту технологияларын меңгеруге қолдау көрсету және мектептердегі оқу үдерісін, ішкі бақылау мен білім беру ортасының сапасын тұрақты зерделеп отыру.
Кездесу қорытындысы бойынша қалалық білім бөлімінің жауапты секторлары мен мектеп басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда, білім сапасын көтеруге бағытталған жұмыстарды науқаншылдықсыз, жүйелі түрде жүргізу және әрбір мектеп бойынша көрсеткіштерді жақсартудың жеке траекториясын әзірлеу міндеттелді.
Кентау қаласының білім беру саласында сапалық артуды қамтамасыз ету, білікті педагогтер қалыптастыру және оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар бұдан былай да қатаң бақылауда болатыны сөзсіз.

