Бүгінгі таңдағы инфрақұрылымды дамыту және тұрғындар талабы — басты назарда ұстаған Түркістан қаласының әкімдігі өңірді кешенді дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.
Жуырда қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен маңызды жиын дәл осы міндеттерге арналды. Кездесуде қаланың негізгі үш секторы — Шауғар, Яссы және Бірлік аумақтарындағы өзекті мәселелер мен атқарылған жұмыстардың нәтижелері жан-жақты талқыланды. Секторлардың өзекті мәселелері — кешенді шешімдердің мән – жайы сөз болды. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, сектор жетекшілері, бөлім басшылары және жауапты мекемелердің өкілдері қатысты. Бұл жиынның басты ерекшелігі — қала басшысының тұрғындармен бұған дейін өткізген кездесулері барысында айтылған өтініштер мен ұсыныстардың орындалу барысын жіті қадағалау болды. Бұл әкімдіктің «халық үніне құлақ салу» қағидатын іс жүзінде көрсетуге деген ұмтылысын білдіреді.
Талқылау барысында қаланың тіршілігіне тікелей қатысты бірнеше бағыт бойынша келелі мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар бойынша қалалық көшелерді жарықтандыру және жолдардың сапасын арттыру жұмыстарының кестеге сай орындалуы қажеттігі айтылды. Коммуналдық жүйелер бойынша, тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйелерін жақсарту және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту. Ал, абаттандыру және тазалық мәселесі төңірегінде, қала аумағындағы санитарлық тазалықты сақтау және қоқыс мәселесін реттеуге басымдық берілді.
Тәртіп және жауапкершілікті күшейте отырып, айыппұлдардың әділдігі мен олардың төленуін жіті бақылау мәселесі жайы да қамтылды. Жиында әр сектордағы тәртіпті сақтау және экологиялық ахуалды жақсарту бойынша нақты деректер қозғалды.
Бүгінгі күні, қаланы таза ұстау мәселесіне айрықша назар аударылған. Шауғар секторындағы қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында 22 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бірлік секторында қоршаған ортаны ластау бойынша 578 айыппұл рәсімделген, оның 53-і бойынша ескерту жасалған. Ал, Яссы секторында, тазалық және абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша 1205 айыппұл тіркеліп, 70 азаматқа ескерту берілген. Бұл статистикалық мәліметтер әкімдіктің қала тазалығы мен қоғамдық тәртіпке деген талабының жоғары екенін көрсетеді.
Шындығында, Бірлік және Яссы секторларында айыппұлдардың көптігі тұрғындардың тазалыққа немқұрайлы қарауы әлі де өзекті мәселе болып отырғанын айғақтайды.
Қала басшысының тапсырмасына орай, нақты мерзім және кері байланыс орнатуды жалғастыру қажеттігі баса айтылды.
Жиынды қорытындылай келе, қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы сектор жетекшілеріне нақты әрі қатаң тапсырмалар берді. Олардың ішіндегі ең маңыздысы, айтылған мәселелерді жедел шешу. Демек, әрбір көтерілген мәселені нақты мерзіммен белгілеп, олардың орындалуын қатаң бақылауға алу. Тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнату, олардың арыз-шағымдарын дер кезінде тіркеп, шешу. Жол, жарық, су және кәріз жүйелеріне қатысты жаңа жобалардың жобалық-сметалық құжаттарын (ЖСҚ) тез арада әзірлеуді жеделдету. Бұл тапсырмалардың орындалуы Түркістанның инфрақұрылымын жүйелі түрде жақсартып, қаланың болашақ дамуына берік негіз қалайтыны сөзсіз. Қала әкімдігінің бұл жиыны сектораралық жұмысты үйлестіруге, жауапкершілікті арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.

