Қазіргі цифрлық дәуірде жастардың қауіпсіздігі тек көшедегі тәртіппен ғана емес, виртуалды әлемдегі сауаттылықпен де тікелей байланысты. Осы өзекті мәселені негізге ала отырып, Түркістан қаласы Ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Болашақ колледжінде «Құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында ауқымды ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Шараның басты мақсаты — студенттерді интернеттегі алаяқтықтан қорғау, есірткі қылмысының зардаптарын түсіндіру және құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Кездесу барысында мамандар бүгінгі таңда белең алып жатқан интернет алаяқтықтың айла-тәсілдеріне тоқталды. Жастарға фишингтік сілтемелердің қаупі, жалған инвестициялық жобалардың құрылымы және жеке мәліметтерді үшінші тұлғаларға бермеудің маңыздылығы егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы кибербуллинг мәселесі де назардан тыс қалмады. Мамандар әлеуметтік желідегі қудалау мен балағаттаудың психологиялық зиянын айта келе, мұндай әрекеттер үшін заң алдындағы жауапкершілік қатаң екенін ескертті.
Есірткі қылмысына қарсы күрес, «Ертеңіңді есірткіге айырбастама!» бүгінгі күннің ұраны іспеттес. Сол себепті де, жиынның тағы бір маңызды блогы есірткі заттарының таралуына жол бермеуге арналды. Полиция мамандары есірткінің жасырын жарнамасы мен оны таратудың (курьерлік қызмет) қылмыстық салдары туралы нақты деректер келтірді. Есірткіге тәуелділіктің денсаулыққа ғана емес, адамның бүкіл өмірі мен болашағына балта шабатыны жастарға қатал ескертілді.
Осы ретте, білікті мамандар — жастардың кеңесшісі екеніне ешкімнің таласы жоқ болар. Кездесудің жоғары деңгейде өтуіне қалалық прокуратура мен полиция басқармасының майталман мамандары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар, Сүлеймен Айдана Болатқызы – Түркістан қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры, ол заңдылықты сақтау мен құқықтық жауапкершілік туралы, Бимаханов Марат Асылхаұлы — Түркістан облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры, өз кезегінде — есірткі қылмысына қарсы іс-қимылдың маңызы туралы, Махатова Жібек Қазбекқызы — Шымкент қаласы және Түркістан облысы МКҚБ ММ — 2 полиция батальонының аға инспектор-психологы, полиция лейтенантыкибербуллингтің психологиялық қысымынан қорғану жолдары туралы, Қапашов Керім Жақыпбекұлы — Түркістан қаласы Полиция басқармасы Ювеналды полиция тобының аға учаскелік инспекторы, полиция майоры — жасөспірімдер арасындағы тәртіп пен жауапкершілік туралы, Зиябек Нұржігіт Жәнібекұлы — Түркістан қаласы Полиция басқармасы Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі — интернет алаяқтардың құрығына түспеудің әдістері туралы баяндама жасады.
Құқықтық сауаттылықты арттырудың қауіпсіздік кепілі ретінде, мамандар жастарды интернет кеңістігінде сауатты болуға, кез келген ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауға және қоғамдағы өз орны мен жауапкершілігін сезінуге шақырды. Қатысушылар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, мамандардан тұщымды жауаптар алды.
Қорытындылай келгенде, жастардың қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығын арттыру – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. «Болашақ» колледжінде өткен бұл шара жасөспірімдердің дұрыс таңдау жасап, өз болашағына жауапкершілікпен қарауына үлкен ықпал ететін маңызды қадам болды.

