Жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, есірткі заттарының заңсыз айналымына тосқауыл қою және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – өңірлік саясаттың ең өзекті бағыттарының бірі. Осы орайда Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл бағытындағы өңірлік ведомствоаралық штабтың кезекті мәжілісі өтті.
Ауқымды жиынға ауылдық округтердің әкімдері, дербес бөлім басшылары, аудандық полиция бөлімінің басшылығы, білім беру мекемелерінің өкілдері мен жауапты мамандар қатысты. Мәжілісте аудан аумағында нашақорлықтың алдын алу, синтетикалық және өзге де есірткі заттарының таралуына жол бермеу, сондай-ақ ведомствоаралық жүйелі профилактикалық жұмыстарды күшейту мәселелері жан-жақты сарапқа салынды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша білім беру мекемелерінде оқушылар мен жасөспірімдер арасында нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы Ордабасы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ердос Әбішев баяндама жасады. Баяндамашы білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан басты шараларға тоқталды.
Атап айтқанда, мектептерде, колледждерде есірткінің ағзаға тигізер психологиялық және физиологиялық зияны туралы дәрістер мен тренингтер ұйымдастыру мен оқушыларды бұқаралық спортқа, үйірмелерге тарту арқылы олардың зиянды әдеттерге бой алдырмауына жағдай жасау және ата-аналар комитеттерімен, мектеп психологтарымен бірлесе отырып, қауіпті топқа жататын жасөспірімдермен жеке-профилактикалық жұмыстар жүргізу мәселелері сөз болды.
Жиында қоғамдық орындарда, көшелерде және ғимараттардың қабырғаларында граффити жазбалары мен QR-кодтар арқылы есірткі заттарын жарнамалауға жол бермеу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл бағыттағы құқықтық талдау мен жедел-профилактикалық шаралар жөнінде Ордабасы аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Қанат Әуелов баяндады. Ол заңсыз жазбаларды дер кезінде анықтау, жою, синтетикалық есірткілердің заңсыз саудасымен айналысатын арналарды бұғаттау және заң бұзушыларды жауапкершілікке тарту бағытындағы полиция қызметінің нәтижелерін ұсынды.
Сонымен қатар, мәжілісте есірткіге қарсы әлеуметтік мазмұндағы бейнероликтер мен ақпараттарды аудан орталығындағы LED экрандарға орналастыру, көрнекі баннерлер мен брошюралардың санын арттыру және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелеу жүктелді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Азат Оралбаев жауапты мекеме басшыларына нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды үстірт емес, нақты нәтижеге бағыттап жүргізуді тапсырды. Мәселен, жасөспірімдер арасындағы ақпараттық-түсіндіру шараларының мазмұны мен тиімділігін арттыру, интерактивті кездесулерді жиілету. Қоғамдық орындарда, түнгі уақытта жастар жиналатын орындарда профилактикалық рейділік бақылауды күшейту. Білім, полиция, денсаулық сақтау және ішкі саясат бөлімдерінің біріккен жедел әрекет ету алгоритмін бекіту.
Аудан әкімі жүктеген тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болады. Ордабасы ауданында есірткісіз қоғам қалыптастыруға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да белсенді түрде жүргізілетін болады.

