Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының белгіленген кестеге сәйкес халықпен көшпелі кездесуін бастады. Бұл тек әкімшілік рәсім ғана емес, сонымен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аймақтық деңгейдегі практикалық және идеялық көрінісі. Ашық диалог – қазіргі қазақстандық саяси жүйенің тірегі, ол билік пен халық арасындағы құқықтық және әлеуметтік келісімнің алтын көпірін орнатады.
Шаһар тұрғындарымен кездесу – биліктің оқшаулануын жойып, қалалық басқаруды азаматтардың нақты мәселелерімен тығыз байланыстыру. Әкімшілік аппарат тек жоғарыдан түскен нұсқауларды орындаушы ғана емес, сонымен бірге халықтың тікелей әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін шешуге ықпал етуші билік ретінде танылады.
Тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, алға бастай білетін әкімді нағыз әкім деуге болады.
Ел Президенті ауыл әкімдерінің диалог-платформасында «ауыл басшылары» жайлы дәл осындай түсінік берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жыл өткен сайын халықтың талап-тілегі артып келеді. Бұл – бүкіл әлемге ортақ үрдіс. Әкімдер халыққа құрметпен, шыдамдылықпен, түсіністікпен қарап, азаматтармен ашық әңгіме жүргізуге тиіс.
«Олар барлық мәселені мүмкіндігінше өз деңгейінде шұғыл және сапалы шешуі қажет. Бірақ бұл міндетті атқару үшін жергілікті әкімдердің қолында тиісті құзыреті болуы керек. Атқарылып жатқан жұмыстың мән-жайын үнемі жұртқа түсіндіріп отырған жөн. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген. Әрине, айтылған ұсыныс-пікірге назар аудару керек. Бірақ әркімнің, әсіресе, іс-әрекеті ерсі, ниеті теріс, тіпті, арандатушы адамдардың ығына жығылмай, жетегінде кетпей, ақылға қонымды ұсынысты ғана қабылдау қажет. Негізі, бұл – барлық деңгейдегі әкімдерге ортақ ұстаным. Тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, алға бастай білетін әкімді нағыз әкім деуге болады. Мен жақында «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл – әрбір мемлекеттік қызметшінің, әсіресе әкімдердің жұмысына бағдар беретін өте маңызды құжат»,-деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының халықпен көшпелі кездесуі дәстүрлі түрде жалғасып, бұл жолы Бекзат секторының тұрғындарымен басталды. Бұл тікелей диалог форматы қала басшылығына халықтың шынайы мұң-мұқтажын тыңдауға және оларды жедел шешуге мүмкіндік береді. Кездесу барысында тұрғындарды толғандырған инфрақұрылым сапасы, қоғамдық көлік, сумен қамту және жер мәселелері кеңінен талқыланды.
Бекзат секторының тұрғындары әкімге бірнеше маңызды өтініштер мен ұсыныстарды жеткізді. Кездесу барысында тұрғындар қоғамдық көлік қатынасы, инфрақұрылым сапасы, ауыз су, кәріз жүйесі және жер мәселелері бойынша өз өтініштері мен ұсыныстарын айтып, олардың ішіндегі бастылары, сектор ішіндегі және орталықпен байланыстыратын қоғамдық көлік маршруттарының жеткіліксіздігі жайындағы сауалдарын зерделеп, шешіп беруді өтінді. Сондай-ақ, ауыз сумен қамту және кәріз жүйесінің толық қамтылмаған немесе ескірген бөліктері мен жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін бөлу және рәсімдеуге қатысты сауалдар да шет қалмады.
Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы бұл мәселелерді мұқият тыңдап, бірқатар өтініштер бойынша нақты шешімдер қабылдап, оларды орындауды тиісті сала басшыларына жедел түрде тапсырды. Бұл әкімдіктің халық талаптарына жедел әрекет етуге деген ұмтылысын көрсетеді.
Кездесу барысында Бекзат секторы аумағындағы инфрақұрылымдық жобалардың кезең-кезеңімен және жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқаны туралы есеп берілді.
Әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылған жұмыстарға талдау жасасақ, биыл №18 мектеп пен «Балғын» балабақшасы маңында екі жаңа балалар ойын алаңы салынды. 12 ойын және воркаут алаңшаларында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы 2026 жылдың еншісінде тағы екі жаңа ойын алаңы салу, сондай-ақ, негізгі көшелерде көгалдандыру мен суғару жүйесін орнату көзделген. Сонымен қатар, Бекзат секторының Жиделі көшесінде жаңа заманауи спорт кешені пайдалануға берілді.
Ал, жол сапасы мен қауіпсіздігі мәселелері бойынша да оң динамика байқалады. Бекзат секторындағы жалпы 132,1 шақырымды құрайтын 141 көшенің 98 пайызы жарықтандырылған. Биыл 6,6 шақырым болатын төрт көшеде орташа жөндеу аяқталып, тағы екі көшеде құрылыс жұмыстары жалғасуда. О.Жандосов көшесі кеңейтіліп, асфальт және жиектастар жаңартылды. Ал Б.Қалаби көшесін реконструкциялау жобасы басталып, құрылыс жұмыстары 2026 жылы толық аяқталады.
Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында да біршама істер жоспарлы іске асырылуда. Сектор аумағында әлеуметтік дүкендерге арналған төрт жер телімі анықталды. Оның үшеуінің құжаттары рәсімделіп, бір дүңгіршекті орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл шара әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Кездесу соңында Әзімбек Пазылбекұлы бұл үлкен жиынға қатыса алмаған, бірақ жеке мәселесі бар тұрғындарды қабылдап, олардың арыз-шағымдарын тыңдады. Әкімнің халықпен кездесулерінің кестесі бұл күні де жалғасты. Атап айтқанда, 12 қараша күні сағат 15:00-де №4 С.Сейфуллин атындағы мектепте Сауран секторының тұрғындарымен кездесу өтті. Бұл қала әкімдігінің қаланың әрбір секторының мұқтаждықтарын тікелей бақылауға алудағы жүйелі жұмысын көрсетеді.

