Түркістан қаласында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 20 жылдық мерейтойы салтанатты жиынмен аталып өтілді. Бұл мерейтой мемлекеттік қызмет көрсету саласының дамуындағы айтулы оқиға болды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел қолдау тауып отырғаны шындық.
Ия, билік бұқараға жақын болуы тиіс. Президент Жолдауында айтылған пікір түрлі болғанымен, бәрінің айтпағы бір қазанда қайнап, айтылған сөз іс жүзінде жүзеге асып жатқанын көз көріп, құлақ естуде. Мемлекет басшысының қызметінің ең басты ерекшілігі – оның әр сөзі, әр қадамы, әр шешімі және әрбір ісі арқылы халыққа жақындауға ұмтылуы. Бұл ұмтылыстың серпіні Түркістан қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жемісті еңбегінен аңғаруға болады. Осы ретте, цифрлық трансформация – Әділетті Қазақстанның басты құндылықтарының бірі деуге болады. Анығын айтқанда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2005 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «бір терезе» қағидатын енгізу нәтижесінде құрылған болатын. Содан бері халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа форматын қалыптастырып, азаматтар мен мемлекет арасындағы тиімді байланыстырушы институтқа айналды. Содан бері корпарация Президент Жолдауында айтылған цифрлық трансформация міндеттерінің және Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған басқарушылық реформалардың талай баспалдағынан өтіп, тікелей және материалдық көрінісінің айғағы ретінде халыққа қызмет етіп келеді.
Бұл жүйе – мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді белсенді ұсыну қағидатын енгізу, оларды технологиялық шешімдерді пайдалана отырып, ыңғайлы заманауи аралас арқылы бірыңғай провайдермен көрсету қызметін атқаруда. Мемлекеттік корпорация – белсенді клиентке бағдарланған және иновациялық тәсілдер қолдана отырып, қызмет алушылардың сұранымдарына жауап беретін сервистер мен қызметтерді алудың бірыңғай алаңы.
Жалпы, еліміздің азаматтары мен бизнес үшін бір көзден қызметтер мен сервистерді көрсетуі, бірыңғай провайдер қызметін жетілдіру процесін барынша ашық етіп, азаматтарға өтінімнің қай сатыда тұрғанын және нәтижені қашан алуға болатынын нақты білуге мүмкіндік беру арқылы, билік пен халық арасындағы сенім деңгейін институционалдық тұрғыдан арттырады. Сонымен қатар, соңғы жаңа функциялары азаматтардың уақытын үнемдеп, әр қолданушы өз өтінімінің қаралу кезеңін көріп, кез келген өзгерушілік туралы жедел ақпараттана алады. Еске салса, «Өтінім мәртебесін бақылау жүйесі» енгізілген болатын. Ол ашықтықты арттырып, мемлекеттік қызметтерді жаңғыртумен қатар, мемлекеттік қызметтерге деген халықтың сенімін арттырып, халыққа қызмет көрсетудің қолайлылығын күшейтеді.
«ЦОН» қосымшасы – биліктің жауапкершілігін және халықтың қатысуын цифрлық форматта біріктіретін тиімді механизмге айналуда. Себебі, енді өтінім мәртебесін білу үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ. Әр қолданушының өз өтінімінің қаралу кезеңін көруі және кез келген өзгеріс туралы жедел хабардар болуы – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы есеп берушілік қағидасын толықтай іске асыруды білдіреді. Жаңа цифрлық функцияның енгізілуі азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндіктерін жанама түрде арттырады. Өтінімнің қашан және қалай орындалатынын нақты білу – азаматтарды пассивті күтушіден белсенді, жауапты қатысушыға айналдырады.
Мұнан бөлек, «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында, азаматтың өз құқықтары мен міндеттерін толық түсініп, билікпен конструктивті түрде әрекеттесуіне де оңтайлы. Егер қызмет уақтылы орындалмаса, азаматтың цифрлық бақылау арқылы заңды талап қоюға негізі болады. Дәлірек айтқанда, электронды қолхаттарды сақтау және көру мүмкіндігінің іске қосылуы – қызметтің көрсетілгенін растайтын ресми құжатты әр уақытта қолда ұстауға мүмкіндік береді. Бұл – азаматтардың құқықтық қорғалуын цифрлық деңгейде нығайтады.
Аталмыш мекеменің мерейтойында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Түркістан бойынша филиалының директоры Бахыт Басымбек сала үздіктерін марапаттады. Жиын барысында ұйымның 20 жыл ішіндегі даму кезеңдері мен қазіргі жетістіктері ерекше аталып өтіліп, сала мамандарына құрмет көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұсынылды.
Бүгінгі таңда Түркістандағы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» 2025 жылдың 11 айында 928 158 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл қызметтердің басым көпшілігі – 925 622 қызмет дәстүрлі форматта ұсынылса, 2536 қызмет электрондық түрде көрсетілген.
Бұған қоса, азаматтар «Сonnection Point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы 1 037 939 қызметті өз бетінше рәсімдеген. Бұл көрсеткіш халықтың цифрлық қызметтерді белсенді пайдаланып, өз бетінше қызмет алуға деген ынтасының жоғары екенін көрсетеді.
Түркістан қаласының бөлімшелері бойынша да маңызды көрсеткіштер бар. Мәселен, №1 бөлімде – 73 146 қызмет, ал №2 бөлімде – 56 828 қызмет көрсетілді.
Сондай-ақ, Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында 59 696 қызмет көрсетіліп, әсіресе көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру және нөмірлік белгілерді рәсімдеу бағыттарында айтарлықтай өсім байқалды.
Корпорацияның 20 жылдық мерейтойы оның мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдірудегі маңызды рөлін айқындап, алдағы уақытта да халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың жалғаса беретініне сенім білдіреді.

