Алматы қаласында ересектер арасында өткен грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты Түркістан қаласы мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті үшін үлкен салтанатқа айналды. Еліміздің 20 аймағынан жиналған ең мықты саңлақтар арасында біздің студенттер нағыз чемпиондық мінез бен жоғары дайындықтарын көрсетті. Бұл дода тек жекелеген жеңістер емес, командалық рухтың асқақтаған сәті болды.
Жарыстың басты сенсациясы — өз салмақ дәрежелерінде қарсылас шақ келтірмеген біздің студенттер болды. Олар, Дубек Тыныс (62 кг), боз кілемдегі әрбір әдісін нақты әрі шапшаң орындап, финалдық белдесуде басымдығын дәлелдеді. Бұл алтын — оның еңбегі мен кәсіби шеберлігінің жемісі. Сондай-ақ, Нулифар Раимова (57 кг). Нәзік болса да, қайсар мінезді балуанымыз ең тартысты кездесулерде жеңісті жұлып алып, чемпиондық тұғырға көтерілді.
Бұл екі спортшы бұған дейінгі жетістіктерінің кездейсоқ емес екенін, олардың Қазақстанның үздік балуандары қатарына қосылғанын тағы бір мәрте растады. Түркістанның намысын қорғаған өзге де аруларымыз жүлделі орындардан көрініп, жарыс көрігін қыздырды. Үшінші орынды иеленген спортшыларымыздың тізімі оқу ордамыздың спорттық әлеуетін айқын көрсетеді. Олар, Балжан Таспамбетова (76 кг), Зейнеп Эламас (72 кг), Гүлдана Өсербай (65 кг), Жасмин Искендарова (62 кг), Айнұр Ашимова (55 кг)
Әрбір үшінші орын — алтынға тең күш пен жігермен келді. Олардың әрқайсысы ел біріншілігіндегі бәсекелестіктің жоғары екенін сезіне отырып, ақтық сәтке дейін аянбай күресті.
Бұл чемпионаттың ең маңызды жетістігі — Түркістан қаласы мен біздің университеттің балуан қыздарының командалық есепте 1-орынды иеленуі болды. Бұл — орасан зор жетістік! Бір команданың құрамында осыншама талантты спортшының шоғырлануы оқу орнымыздың спорттық базасы мен жаттықтырушылар құрамының мықты екенін айғақтайды. Оқу орны ұжымы мен студенттер қауымы боз кілемде топ жарған батырларын зор мақтанышпен құттықтайды. Түркістандық арулар мен жігіттердің бұл жетістігі — жас буын үшін нағыз жігер беретін оқиға.
Қорытындылай келе, спортшыларымыздың бұл жеңістері алдағы халықаралық ареналарға, Азия және Әлем чемпионаттарына жол ашады. Біз студенттеріміздің осы қарқынынан танбай, көк байрағымызды әлемдік деңгейде желбірететініне сенімдіміз.
Жеңіс құтты болсын! Саңлақтарымыздың қадамы сәтті, асулары биік болсын!

