Ахмет Ясауи университетінің спорттық жетістіктер қоржыны тағы бір бағалы алтынмен толықты. Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтіп жатқан V Пара Азия ойындарында университетіміздің мақтанышы — Зарина Әшір пара пауэрлифтингтен теңдессіз өнер көрсетіп, Азия чемпионы атанды. Бұл жеңіс — Заринаның темірдей тәртібі мен жеңіске деген шексіз құштарлығының заңды жемісі.
Спорттың ең ауыр түрінің бірі саналатын пара пауэрлифтингте бақ сынау — нағыз мықтылардың еншісі. Зарина 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, 80 кг зілтемірді еркін бағындырды.
Жарыс жолында ол тек салмақпен ғана емес, өз-өзімен де күресіп, психологиялық дайындығының жоғары екенін көрсетті. Нәтижесінде, қарсыластарынан айқын басым түсіп, Дубай аспанында Қазақстанның Әнұранын асқақтатты.
Зарина Әшір — спорт әлеміне кездейсоқ келген есім емес. Оның бүгінгі биігі — жылдар бойғы төгілген тердің өтеуі. Бұған дейін де халықаралық ареналарда топ жарып, Әлем Кубогінің чемпионы атанған. Оның әрбір қадамы мен зілтемірді көтеру техникасы мамандар тарапынан жоғары бағаланып келеді.
Пара Азия ойындарындағы бұл алтын — Заринаның кәсіби спортшы ретіндегі кемелденгенін және алдағы Паралимпиада белестеріне дайын екенін айғақтайды.
Ясауи университеті тек білім ордасы ғана емес, сонымен бірге нағыз чемпиондарды шыңдайтын үлкен мектеп. Заринаның жетістігі — оқу ордамыздың спортқа, инклюзивті орта қалыптастыруға және студенттердің әлеуетін ашуға бағытталған жұмысының айқын көрінісі.
Университет ұжымы мен студенттер қауымы Заринаны осы айтулы жеңісімен мақтан тұтады. Оның әрбір жеңісі — қатарластары үшін үлкен мотивация және ешқандай кедергінің арманға жетуге тосқауыл бола алмайтынының тірі үлгісі.
Зарина Әшір: «Менің жеңісім — маған сенім артқан елімнің, отбасымның және Түркістан қаласының ортақ табысы. Алда бұдан да биік асулар күтіп тұр».
Оқу орны ұжымы студентімізді алтын медалімен құттықтай отырып, оған алдағы додаларда, соның ішінде әлемдік гранд-турнирлерде тек сәттілік тілейді. Зарина, сенің жеңісің — біздің ортақ мақтанышымыз! Қазақстанның көк байрағы әрқашан биікте желбірей берсін!

