Елордамыз Астана қаласында ерекше мазмұнды әрі рухты шара — Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналған Республикалық «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық әндер мен шығармашылық фестивалі мәресіне жетті. Ел егемендігі мен батырлар ерлігін дәріптеген бұл аламанда Түркістан қаласының жас сарбаздары өнерімен де, ерекше дайындығымен де озық шығып, облыс намысын абыроймен қорғады.
Әлия Молдағұлованың мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл фестиваль тек өнер додасы ғана емес, жас буынның бойындағы отансүйгіштік сезімді ұштап, әскери-патриоттық тәрбиені насихаттайтын бірегей жоба. Еліміздің барлық өңірінен жиналған ең дарынды «Жас Сарбаз» мүшелері фольклорлық, вокалдық және аспаптық жанрлар бойынша бақ сынасты. Түркістан қаласының намысын қорғаған оқушылар екі бірдей негізгі номинация бойынша жүлделі орындарды иеленіп, өңірдің шығармашылық әлеуетін паш етті.
І орын – «Фольклорлық орындаушылар» номинациясы Ұлттық аспаптардың үнін әскери рухпен ұштастырған «Трио» фольклорлық ансамблі фестивальдің ең жоғарғы сатысынан көрінді. Ансамбль құрамында №26 мектептің өнерлі оқушылары мен №28 мектеп-лицейінің шәкірті Әбдірахман Жомарт өнер көрсетті. Олардың орындаушылық шеберлігі қазылар алқасын тәнті етіп, Түркістан облысының қоржынына алтын медаль салды.
ІІ орын – «Вокалдық-аспаптық ансамбльдер» номинациясы Заманауи ырғақ пен патриоттық әуенді шебер үйлестірген Түркістан қаласының «Жігер» тобы (№28 мектеп-лицейі) құрметті екінші орынды иеленді. Топ құрамындағы дарынды жастар:
- Тұрсынбай Арсен (10 «Ә»)
- Махмут Жарқынбек (10 «Ә»)
- Махмут Алтынбек (10 «Ә»)
- Оңғарова Інжу (9 «В»)
- Күзембай Айзере (8 «Г»)
Бұл биік белестер — ұстаз бен шәкірт арасындағы тығыз байланыс пен жүйелі дайындықтың жемісі. Жас таланттарды додаға дайындаған білікті мамандар:
- Утешов Асхат — Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі. Ол сарбаздардың саптық түзелуі мен темірдей тәртібіне жауап берсе;
- Қынабай Ғалымжан — Музыка пәнінің мұғалімі, домбыра үйірмесінің жетекшісі. Ол шәкірттердің репертуарын байытып, сахналық мәдениетін қалыптастырды.
Ұстаздардың еңбегі мен балалардың талпынысы ұштасып, Түркістанның абыройын республикалық деңгейде асқақтатты.
«Жас Сарбаз» — бұл болашақ қорғаушылардың ғана емес, болашақ зиялы қауымның да ордасы. Түркістандық оқушылардың Астана төріндегі бұл жетістігі — өңірдегі патриоттық тәрбие мен өнер саласының дұрыс бағытта дамып келе жатқанының жарқын айғағы.
Жеңімпаздар мен олардың жетекшілерін осы айтулы табысымен құттықтаймыз! Түркістанның жас сарбаздары әрдайым биіктен көріне берсін!

