Қасиетті Түркістан топырағы тағы бір мәрте әлемдік деңгейдегі мақтанышын құшақ жая қарсы алды. Бұл жолы қаламыздың атын алысқа танытқан — зияткерлік спорттың жас саңлағы, Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының тәрбиеленушісі Нұрислам Сұлтанхан. Оның Моңғолияда өткен Азия чемпионатындағы жарқын жеңісі — қазақ шахмат мектебінің халықаралық аренадағы биік беделін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.
Моңғолиядағы ақыл-ой аламанында, 98 елдің ішінен суырылып шыққан дарын иесі жақында Моңғолия астанасында шахматтан жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионаты өз ауқымымен және қатысушылардың деңгейімен ерекшеленді. Әлемнің 98 елінен жиналған ең үздік жас шахматшылар бақ сынаған бұл додада Нұрислам Сұлтанхан нағыз стратегиялық сауаттылық пен темірдей төзімділіктің үлгісін көрсетті.
Ең күрделі саналатын классикалық шахмат түрі бойынша Нұрислам әр партияда өзінің ерекше ойын өрнегін паш етті. Нәтижесінде, жекелей есепте — күміс медаль иегері атанып, құрлықтың ең үздік ойыншыларының қатарына енді. Ол командалық есепте — Қазақстан құрамасы сапында Алтын медальды иеленіп, Азия чемпионы атанды.
Бұл жетістік — Нұрисламның қажырлы еңбегі мен жеңіске деген шексіз жігерінің жемісі.
Жеңімпазды елге оралу сәтінде Түркістан халықаралық әуежайында клуб басшылығы, жаттықтырушылар, туған-туыстары мен жанкүйерлер ерекше салтанатпен күтіп алды. Қуаныштан жүзі бал-бұл жанған жас талантты алғашқылардың бірі болып құттықтаған Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының директоры Нұрланәлі Сыздықов өз ақ тілегін білдірді: «Бұл – тек бір баланың емес, бүкіл Түркістанның жеңісі! Нұрисламның жеңісі – еңбектің, төзім мен мақсаттылықтың нәтижесі. Біз осындай жас чемпиондарымызды мақтан тұтамыз. Бұл жеңіс өзінен кейінгі балаларға шабыт, ел рухына қуат береді», – деді ол.
Салтанатты шара барысында Нұрисламға және оның білікті бапкері Қуанышбек Жұмадуллаевқа Түркістан қаласы әкімінің арнайы сыйлықтары табыс етілді. Бұл — жергілікті биліктің жас таланттарға және оларды тәрбиелеп жатқан мамандарға деген зор қолдауының белгісі.
Жаттықтырушы Қуанышбек Жұмадуллаевтың айтуынша, Нұрисламның бойындағы табиғи талант пен жүйелі дайындық осындай жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берген. Шахмат — сабырлылық пен алдын ала болжай білуді қажет ететін өнер болса, Нұрислам бұл қасиеттерді ерте жастан меңгеріп үлгерген.
Нұрислам Сұлтанханның бұл жеңісі — Түркістан қаласында спорттың, соның ішінде зияткерлік ойын түрлерінің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді. 2025 жылдың 11 айында қаламыздың спорт саласында жеткен жетістіктері көп, бірақ Азия төріндегі бұл жеңіс — біздің жастардың рухы мен намысының айрықша айғағы.
Жас чемпионның бұл қадамы — үлкен болашақтың бастауы. Түркістандық «балапанның» қанаты алдағы уақытта әлемдік шахмат тақталарында да қатты қағылып, көк байрағымызды биікте желбірететініне сеніміміз мол.
Жарайсың, Нұрислам! Түркістан сенімен мақтанады және сенің жаңа белестерді бағындыруыңа тілектес!

