Киелі Түркістан шаһары соңғы жылдары тек мәдени және рухани орталық қана емес, сонымен қатар спорттық іс-шаралардың да белсенді алаңына айналып келеді. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың айқын көрінісі ретінде жақында Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының ұйымдастыруымен қол добы (гандбол) спортынан жасөспірім қыздар арасында қаланың ашық біріншілігі өтті.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл дода жас спортшылардың қабілетін шыңдап, тәжірибе алмасуына таптырмас мүмкіндік сыйлады. Шеберлік пен жігер тоғысқан сәттен аңғарғанымыз, турнир барысында алаңға шыққан әрбір команда жеңіске деген ерекше құлшынысын көрсетті. Жасөспірім қыздар арасындағы бәсеке тартысқа толы болып, жанкүйерлер нағыз спорттық мейрамның куәсі болды. Қатысушылар тек физикалық дайындықтарын ғана емес, сонымен қатар, тактикалық сауаттылықты, яғни ойын барысындағы шабуыл мен қорғаныстың үйлесімділігі. Ептілік пен жылдамдықты, допты меңгеру және қақпаға дәл соққы бағыттау шеберлігі. Командалық рухты, ойыншылардың өзара түсінісуі мен біртұтас мақсатқа ұмтылысын паш етті.
Жарыс қорытындысы бойынша ең үздік дайындық көрсеткен және тактикалық тұрғыдан мықты болған ұжымдар анықталды. Жүлделі орындар келесідей бөлінді:
І орын – Түркістан қаласының командасы. Шаһар намысын қорғаған жасөспірімдер өздерінің көшбасшылық қасиеттерін дәлелдеп, алтын алқаны иеленді.
ІІ орын – Түркістан қаласы, А.Байтұрсынов атындағы мектеп-лицейдің қыздар командасы. Білім ордасының намысын жыртқан спортшылар жоғары деңгейдегі ойын үлгісін көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды.
ІІІ орын – Отырар ауданының командасы. Қонаққа келген отырарлық арулар да тартысты ойын көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Спорт – болашақтың кепілі демекші, салауатты өмірді насихаттауға баршамыздың атсалысқанымыз маңызды. Себебі, бұл біріншіліктің маңызы тек жеңімпаздарды анықтаумен шектелмейді. Мұндай жарыстар ең алдымен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттаудың маңызды құралы болып табылады. Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының бұл бастамасы – кәсіби спортқа бастар жолдың алғашқы баспалдағы.
Мамандардың пікірінше, осы додада бақ сынаған қыздардың арасынан болашақта ұлттық құрама сапында ел намысын халықаралық аренада қорғайтын саңлақтар шығатынына сенім мол. Қол добы спорты Түркістанда жаңа серпін алып, жасөспірімдер арасында ең танымал спорт түрлерінің біріне айналып келеді.
Қорытындылай келе, өткізілген ашық біріншілік Түркістан жастарының спортқа деген қызығушылығы жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтай отырып, олардың спорттық мансабында биік белестерді бағындыруына тілектеспіз. Салауатты ұлт – жарқын болашақтың кепілі, ал мұндай додалар сол болашақтың берік іргетасы болмақ.

