Түркістан қаласы соңғы жылдары тек рухани орталық қана емес, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз мекен ретінде қарқынды дамып келеді. Қала билігінің басты назарында – бұқаралық спортты дамыту мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау. Осы мақсатта шаһардағы ойын және спорт алаңшаларының инфрақұрылымын кеңейту және жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Мемлекет басшысының бұқаралық және балалар спортын дамыту бойынша берген тапсырмасына сәйкес, бүгінгі таңда Түркістан қаласының аумағында 250-ге жуық ойын және спорт алаңшасы тұрғындарға қызмет көрсетуде. Бұл көрсеткіш қаланың әрбір кварталы мен ауласында спортпен шұғылдануға мүмкіндік бар екенін аңғартады.
Дегенмен, саннан сапаға көшу маңызды. Осы орайда, биыл 40 ойын алаңшасына күрделі жаңарту жұмыстары жүргізілді. Ондағы ескірген жабдықтар заманауи, қауіпсіз және төзімді материалдармен алмастырылып, халықаралық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкестендірілді.
Биылғы жыл Түркістанның инфрақұрылымы үшін жемісті болды. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары негізінде қалада 9 жаңа ойын және спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілді.
Жаңа балалар ойын алаңшалары бой көтерген көшелер, атап айтқанда Қазыбек би, Алтай, М.Әбенова. Сонымен қатар, А.Жангелдин, Мұғалжар және Ш.Уәлиханов және Р.Дастанова.
Сонымен қатар, жастар арасында футболдың танымалдылығын ескере отырып, Хақназар хан және Ш.Ниязов көшелерінде заманауи футбол алаңшалары қолданысқа берілді. Ақпан айында басталған құрылыс жұмыстары мерзімінде аяқталып, бүгінде бұл орындар жергілікті балалардың сүйікті мекеніне айналған.
Кешенді абаттандыру және қауіпсіздікті сақтай отырып, әрбір жаңа немесе жаңартылған нысан тек ойын элементтерімен шектелмейді. Құрылыс барысында кешенді тәсіл қолданылды. Мәселен көгалдандыру бағытында алаңша маңына ағаштар мен гүлдер егіліп, суару жүйелері тартылған. Абаттандыру бойынша тұрғындарға арналған орындықтар, қоқыс жәшіктері мен түнгі жарықтандыру жүйелері орнатылған. Ал, инженерлік инфрақұрылымды арттыруда алаңшалардың орналасуы инженерлік желілердің талаптарына сай келеді, бұл техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Спорт – денсаулық кепілі, денсаулық адам өмірінің негізі десек, Түркістан қаласындағы ел игілігіне ұсынылып отырған спорт алаңшалары соның айқын дәлелі.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек», — деп айтқан болатын. Бүгінде қала билігі осы тапсырманы орындау мақсатында кешенді жұмыстар жасап келеді. Осы спорт алаңшаларын тегін әрі құрметпен пайдалана бісеңіз, қаламыздан әлі-ақ әлемге белгілі азаматтар тәрбиеленіп, еліміздің көк байрағын биікте көтерері бек мүмкін.
Өйткені, бұдан былай шынығамын, шыңдаламын деген қала тұрғындары үшін бұл спорт алаңшаларының есігі әрдайым ашық. Қаламызда осындай спорт алаңшаларының орнатылып жатқаны қандай қуаныш. Әсіресе, кішкентай балаларға жасалынып жатқан ойын алаңшаларының өзі базарлық емес пе?! Тек, күтіп, ұқыпты пайдаланып, осыншама дүниелерді жасап жатқан жергілікті әкімдік пен жұмысшылардың, яғни еңбек адамдарының қызметіне құрмет танытсаңыз болғаны.
Мәдениет пен тарихы дамыған киелі Түркістан қаласын дамытудың алдағы жоспары да ауқымды. Әкімдік мәліметіе сүйенсек, 2026 жылға дейін қаланың тағы 10 аумағында қосымша ойын және спорт алаңшаларын салу жоспарланып отыр. Бұл қаланың шеткі аудандарын да заманауи инфрақұрылыммен толық қамтуға мүмкіндік береді.
Ендеше, қаланың сәулеттік келбетіне сән қосып тұрған қоғамдық затқа ұқыптылықпен қарауларыңызды және зиян келтірмеулеріңізді сұраймыз! Сіз бен біздің қаражатымызға салынған ортақ мүлікті бүлдірмеуге жол бермейік! Түркістан қаласының әкімдігі тұрғындар мен қала қонақтарына маңызды үндеуге назар аударуды сұрайды. Яғни, салынған нысандар – халықтың ортақ мүлкі. Оларды ұқыпты ұстау, бүлдірмеу және келешек ұрпаққа сапалы күйде қалдыру — әрбір азаматтың міндеті.
Егер сіз ойын немесе спорт алаңшаларында бүліну, бұзақылық немесе техникалық ақауларды байқасаңыз, дереу 109 байланыс нөміріне (бірыңғай диспетчерлік қызмет) хабарласуыңызды сұраймыз.
Түркістан – бірлесе дамытатын, бірге сақтайтын қаламыз. Жаңа алаңшалар шаһардың шырайын ашып, дені сау, белсенді ұрпақтың өсуіне қызмет ете бермек.

