Бүгінгі күнгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі күннің өзектілігіне айналып отырған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты алдын алу қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі.
Құқық қорғау органының негізгі қызметі — кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықты алдын алу және болдырмау, құқықтық сауаттылықты арттыру, заңсыз іс-әректтер жасаудан қорғау, жас ұрпаққа заңға бағынушы азамат ретінде құқықтық тәлім –тәрбие беру.
Сондықтан Қазақстан Республикасының әр азаматының міндеті- заң талаптарын сақтау, өзге адамдардың құқығын бұзбау, өзіне жүктелген міндеттерін жете біліп орындау болып табылады. Заңды білмеу, оны бұзу-жауапкершіліктен құтқармайтынын жас ұрпаққа үнемі түсіндіреміз.
Түркістан қаласының әкімдігі кәмелетке толмағандар арасында жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың бос уақыттарын пайдалы және тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып, елімізге дені сау ұрпақты тәрбиелеуді жүктеп отыр.
Мәселен, киелі Түркістан қаласында бұқаралық спортты дамыту мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған кезекті ірі шара өтті. Қалаға ерекше мәртебе берілуіне орай ұйымдастырылған «Құқық бұзушылыққа жол жоқ!» ұранымен қазақ күресінен өткен ашық турнир жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың бойындағы отансүйгіштік пен тәртіпті нығайтуға септігін тигізді.
Турнирдің басты мақсаты — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, бос уақытты тиімді пайдалану және ұлттық спорт түрі — қазақ күресін кеңінен дәріптеу. Күрес тек физикалық күш емес, ол — рухтың мықтылығы мен адалдықтың мектебі. «Балуан Шолақ» спорт кешенінде өткен бұл дода жас буынның теріс әдеттерден аулақ болып, спортқа бет бұруына үлкен серпін берді.
«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағыты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек», — деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.
Жалпы алғанда, бұқаралық спорттың әлі тиісті деңгейде дамымауының негізгі себебі спорттық инфрақұрылымның жетіспеушілігі немесе тозуы, жоғары урбандалу деңгейі болып табылады, оның салдарынан жас тұрғындар саны азаяды, кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі туындайды, бұл, өз кезегінде, халыққа көрсетілетін спорттық қызметтердің саны мен сапасына теріс әсер етеді. Бұқаралық спортты халық арасында танымал ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, жастар арасында спортқа селқостық танытып, керісінше құқықбұзушылыққа жол беріп жатқаны ащы да болса шындық.
Атап өтер жайт, елімізде Дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылға арналған арнайы кешенді жоспар да әзірленген. Спортты жүйелі дамытуды көздеген кешенді жоспарда мүдделі мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары толық ескерілген. Саланың басы қасында жүрген мамандар арқылы толықтырылған кешенді жоспар еліміздің спорт саласын жаңа деңгейге көтереді деген үміт зор! Кешенді жоспар 34 тармақ пен 5 негізгі бағыттан тұрады. Атап өтсек нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету, мектеп және студенттік спорт, спорт желілерін кеңейту, салауатты өмір салтын насихаттау және кеңінен тарату, спорттық-бұқаралық іс-шаралары көбейту көзделген. Бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатындардың санын арттыру мақсатында да көптеген жұмыстар жасалуда.
Спорттық додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 250-ге жуық жас балуан жиналды. Олар 2012–2013 және 2014–2015 жылдары туылған жасөспірімдер арасында өзара бақ сынады. Жарыстың ауқымы қатысушылар географиясынан-ақ көрініп тұрды. •
Батыс пен Орталық Қазақстан аймағы — Орал, Ақтөбе және Қарағанды облыстарынан келген құрамалар;
Сыр өңірі — Қармақшы, Арал және Шиелі аудандарының спортшылары;
Түркістан облысы мен көршілес өңірлер — Жуалы, Созақ, Сауран, Шардара, Бәйдібек аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларының өкілдері қатысты. Мұндай кең ауқымды қатысушылар құрамы турнирдің бәсекелестік деңгейін арттырып, жас балуандарға өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан қаласы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Түркістанның спорттық имиджі мен жасөспірімдер тәрбиесіндегі спорттың рөліне тоқталды: «Бүгінгі турнирдің ұраны айтып тұрғандай, біздің басты мақсатымыз — саналы, тәртіпті және дені сау ұрпақ тәрбиелеу. Қазақ күресі — бабалар аманаты, ал сіздер — сол аманатты арқалаған болашақ чемпиондарсыздар. Түркістан төрінде бақ сынау әрбір жас спортшы үшін үлкен мәртебе», — деді бөлім басшысы.
«Балуан Шолақ» спорт кешенінің бозкілемінде өткен белдесулер аса тартысты болды. Кішкентай балуандар болса да, олардың көрсеткен техникасы мен жеңіске деген ұмтылысы көрермендерді тәнті етті. Әрбір белдесуде жас спортшылар қазақ күресінің айла-тәсілдерін шебер қолданып, нағыз ер мінезділік танытты.
– Біз жұрттан көш ілгері жүретін ел боламыз. Үйренетін де, үйрететін де ұлт боламыз. Жастар барлық өзгерістің бастауында тұрады. «Жаңа адамдар» – жаңа қоғамның айнасы. «Жаңа адамдар» – жаңа болмыс! Бұл – өз еліне адал жастардың қозғалысы! Біздің стратегиямызға қолдау білдірген сіздерге алғыс айтамын. Реформаларымыздың мән-маңызы ұрандарыңызда көрініс тапқан. Бұл өзгерістер Әділетті Қазақстанды құру, «Заң мен тәртіпті» қамтамасыз ету тұжырымдамасына негізделген, – деді Мемлекет басшысы. Бұл жарыс Түркістан қаласының спорттық хаб ретіндегі беделін нығайта түсті. Ерекше мәртебеге ие болған шаһарда мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, өскелең ұрпақтың дұрыс бағытта дамуына жағдай жасалуда.
Президент бұқаралық спортты дамытуды мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгілеп отыр. Сондықтан қолға алынған шаралар өз деңгейінде атқарылса, талай игі іске мұрындық болары анық. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында бүгінде еліміздегі балаларды арнайы спорттық үйірмемен қамту жұмыстары да жүргізілуде. Балаларды спортқа тарту мақсатында аталмыш жоба барынша пысықталуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға қарата айтқан сөзінде отаншылдық сезімге, қоғамда «Заң мен тәртіп» үстемдігін орнатудың маңызына, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының идеологиялық мәніне тоқталды.
Бүгінгі игілікті ңс-шараны тарқата келе түйіндесек, «Құқық бұзушылыққа жол жоқ!» турнирі — тек жеңімпаздарды анықтайтын дода ғана емес, бұл — бірлік пен достықтың, салауаттылықтың мерекесі. Жарыс соңында үздік шыққан балуандар тиісті дәрежедегі медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Түркістан төрінен басталған осы жол көптеген жасөспірімдер үшін үлкен спорт әлеміне ашылған есік болмақ.
Жалпы еліміздегі спортты дамыту үшін жасалып жатқан шаралар мен бүгінгі жастардың жат қылықтарға мойын бұрмай, тек спортпен айналысуына баулитын жарыстар алдағы уақытта өз жемісін береріне сенім мол!

