Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету қажеттігін атап көрсетіп, жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырған еді.
Осыған орай, облыс әкіміні Кентау қаласы аумағында соңғы уақытта тіркеліп отырған заңсыз жер қойнауын қазу фактілеріне байланысты кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Кешегі күн салалық облыстық Басқарма мамандарының қатысуымен арнайы маркшрейдер маманының топосьемкалық түсірілім жұмыстары басталды.
Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – заңсыз қазылған учаскелерді дәл анықтау, олардың нақты көлемін өлшеу, картографиялық деректерге енгізу және келтірілген залалдың алдын ала мөлшерін есептеу. Түсірілім барысында мамандар жер бедеріндегі өзгерістерді, қазылған топырақтың тереңдігі мен көлемін анықтайды.
Зерттеу жұмыстары Кентау қаласы аумағында бірнеше бағытта жүргізіліп жатыр. Әрбір нүктеде координаттық өлшеу, топографиялық түсірілім, визуалды сараптама және арнайы құрал-жабдықтар арқылы геодезиялық белгілерді бекіту жұмыстары іске асырылуда. Бұл – заңсыз әрекет масштабының нақты көрінісін анықтауға мүмкіндік береді.
Алынған материалдар толық талданғаннан кейін, барлық дерек қорытындысы жинақталып, белгіленген алгоритмге сәйкес Түркістан облысы Полиция департаментіне жолданатын болады. Зерттеу нәтижелері құқық қорғау органдарына заң аясында тиісті шара қолдануға негіз болады.
Зерделеу және рейдтік шарасы нәтижесінде қала аумағынан жер қойнауын заңсыз пайдаланып жатқан 7 жүк көлігі мен 1 “Погрузчик” ауыр жүк көлігі анықтады. Көліктер айып тұрағына жеткізілді. Алдағы уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру шаралары жүргізілетіні хабарланды.
Кентау қаласының әкімді Жандос Тасов заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілеріне жол бермеу, табиғи ресурстарды қорғау және жердің экологиялық тепе-теңдігін сақтау бағытында жүйелі жұмыстарды өз бақылауында ұстайтынын жеткізді. Заңсыз жер қойнауын қаздыруға жол бермеу аясындағы рейдтік шаралар жалғасатын болады.

