Кентау қалалық мәслихатының кезектен тыс 34-сессиясында бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Сессияға қала әкімі Жандос Тасов, дербес бөлім және мекеме басшылары қатысты. Маслихат сессиясын қалалық маслихат төрағасы Қаблан Елеусізов жүргізді.
Күн тәртібінде қаралған негізгі мәселелер: Кентау қаласында оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің шамасын төмендету туралы мәселе. Бұл бағытта кәсіпкерлік субъектілерінің жүктемесін жеңілдету бойынша ұсыныстар талқыланды.
Сондай-ақ, сессияда мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы және Кентау қаласының инфраструктурасын дамыту мен әлеуметтік нысандарды жаңғыртуға бағытталған серіктестік жобалары және тағы басқа мәселелер сарапталды.
Сонымен қатар, мәслихаттың кезектен тыс 34-сессиясында «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін бекіту туралы және қызмет сапасын арттыру және тиімділікті бағалау тетіктері нақтыланды.
Қала әкімі күн тәртібінде көтерілген мәселелерді тыңдап, олардың орындалуын өз бақылауында болатынын, сессияға қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныстардың жауапсыз қалмайтынын жеткізді.
Нақтырақ айтсақ, заңнамаға сәйкес мәслихаттың кезектен тыс сессиясы әкімнің ұсынысы бойынша шақырылады. Қалыптасқан тәжірибеге сай, егер әкім бастамашы болған жағдайда ол күн тәртібін қалыптастырады. Бүгінгі күн тәртібіндегі ұсынылған ұсыныстар мен қаланың қажеттілігі үшін туындаған мәселелер қала әкімінің тікелей басымдық берген бағыты аясында өрбіді. Сессияға қатысушылар қаланы дамытуға қатысты негізгі міндеттерді оңтайландыру қажеттігін өзара талқыға салды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөйлеген: «Әкімдер өздерінің мықты басшы екенін іс жүзінде дәлелдеуі керек. «Басшының бағы – ел-жұрттың қамы» деп бекер айтылмаған. Нағыз елге сыйлы әкім болу үшін ауылдың ахуалын жақсы білу де аздық етеді. Халықтың сенімін ақтап, елдің береке-бірлігін нығайту үшін жұмыс істеу керек.
Әкім мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан өзгерістерді жергілікті жерде жүзеге асыруға қабілетті болуы қажет. Кәсіби тұрғыдан білікті әрі еңбекқор әкім сайлаушылардың сенімін ақтай алады. Сондықтан ауыл әкімдерінің басқару ісіндегі шеберлігін арттыру өте маңызды.», — деген сөзін қала әкімі Жандос Тасов мұқият зерделеп, жұмыс барысында міндетті түрде ескеріп отырады. Мәслихат бұл жергілікті өкілді орган, әр ауылдық аудандағы, қаладағы немесе аймақтағы шағын парламент. Халық пен билік арасындағы көпір болғандықтан, билікпен бірлікте елдің игілігіне жасап отырған еңбектрі елеусіз қалмасы анық.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы 2025 жылғы 18 шілдеде жаңа Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 2025 жылдың 18 шілдесінде қол қойылған жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Бұл салық реформасының маңызды кезеңі болып табылады, оның мақсаты – салық жүйесін азаматтар мен бизнес үшін ашық, әділ және ыңғайлы ету. Салық режимдерін оңайлату, есептілікті қысқарту, басым салалар үшін салық ставкаларын төмендету, әкімшілендіруде жеңілдіктер және мүлік пен акциз салықтарына қатысты жаңа ережелер туралы да сөз қозғалды.
Заң аясында, салық режимдерін оңтайландыру мақсатында арнаулы салық режимдеріндегі өзгерістер 01.01.2026 жылдан бастап ҚР Салық кодексіндегі арнайы салық режимдерінің кейбір түрлерінің жойылуына байланысты өзгерістер салық төлеушінің қызметті жүзеге асырудың жаңа режимін таңдауын көздейді. Қабылданған шешім туралы 2026 жылғы 1 наурызға дейін тиісті хабарлама бере отырып, ішкі кірістер қызметіне хабарлау қажет.
Жаңа Салық кодексі ашықтық қағидатын бекітеді: әрбір салық төлеуші не үшін салық төлейтінін нақты білуі тиіс, ал мемлекет әділ әрі ашық ережелерді қамтамасыз етуге міндетті. Даулы жағдай туындаған кезде азамат салық органдарының әрекетіне түсініктеме алуға немесе шағым беруге құқылы. Туындауы мүмкін келіспеушіліктерге қарамастан, заңға қол қойылып, ол күшіне енеді, ал мемлекеттің міндеті – оны бизнес пен азаматтар үшін тиімді әрі ауыртпалықсыз түрде іске асыру.
2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады. Жолдауда елдің даму стратегиясының жаңа кезеңдері, соның ішінде мемлекеттік басқаруды жетілдіру, цифрландыруды жеделдету және саяси жүйені жаңғырту мәселелері қамтылды.
Президент өз сөзінде экономиканы әртараптандыру, жаңа технологияларды енгізу, әлеуметтік салаларды дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған басым міндеттерді айқындады. Сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мен мемлекеттік институттардың тиімділігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Жалпы, кез келген адам қайырымды қоғамда, «биліктің қайнар көзі- халық» деп жазып ғана қоймай, солай екені рас мемлекетте өмір сүргісі келеді. «Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз», – дегенді айтады Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Біздің міндет – Мемлекет басшысы жолдауында еліміздің келешегіне зор серпін беретін тапсырмаларын саралап, сол бағыттарды тиімді іске асырып, Кентаудың дамуына нақты үлес қосу. Бұл ретте кешенді жоспарлар әзірленіп, әр сала бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуі тиіс, – деген қала әкімі Жандос Тасовтың сөзінен, алдағы уақыттың еншісінде талай тыңғылықты жұмыстардың атқарылуына сенім мол.
Сессия қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі мәселелер қалалық мәслихаттың бюджет және бірлескен тұрақты комиссиялар отырысында талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

