Созақ ауылында «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығының салтанатты ашылды. Өз кезегінде өңірлерді дамыту мәселелерін тек экономикалық және инфрақұрылымдық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге адами және әлеуметтік перспективадан қарастырудың нәтижесінде өңірімізде жасампаздыққа толы жаңашыл жұмыстар бой көтеруде. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков атап өткендей, бұл жоба зейнеткерлер мен ерекше жандардың қоғамнан шет қалмай, белсенді өмір сүруіне жағдай жасайтын маңызды бастама.
Тең қоғам принципіндегі орталықтың зейнет жасындағы ардагерлер мен 18 жастан асқан ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналуы – Созақ ауданының әлеуметтік саясатының инклюзивті сипатқа ие екенін көрсетеді. Бұл – әлеуметтік теңдікті және қоғам өміріне қатысу құқығының баршаға бірдей қамтамасыз етілуін білдіреді. Жаңа әлеуметтік нысан бір мезетте 30-ға дейін адамға қызмет көрсетіп, Созақ ауылына жақын аумақта орналасқан ауыл қарияларының да қызмет алу мүмкіндігіне жол ашып, мұндай өңірлерде іске асырылатын жобалардың ауқымдылығын және ауылдар арасындағы әлеуметтік интеграцияны нығайтуға бағытталғанын ауыл жұрты ризашылықпен қабылдауда.
Орталықта қарастырылған тұз шахтасы, психологиялық терапия бөлмесі, дене шынықтыру залы, массаж кабинеті сияқты арнайы қызметтерді ұйымдастыру – ғимараттың инженерлік инфрақұрылымын және жалпы жылу, желдету, электрмен жабдықтау әлеуметтік-медициналық талаптарға бейімделуін талап етеді. Бұл – өңірлердің әртүрлі салалардағы қызметін әлеуметтік мақсатқа біріктірудің күрделі үлгісі іспеттес.
Жаңа орталықта 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, Созақ ауданындағы жұмыссыздықты азайтуға және әлеуметтік қызметтерді жергілікті кадрлармен қамтамасыз етуге қосылған тікелей әлеуметтік инвестиция құрып отырғаны құптарлық.
Арнайы шараға Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы, облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев қатысып, осы жобаның облыстық және саяси деңгейдегі бағытына басымдық бергені жайына тоқталды. Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов және ауданның Құрметті азаматы Мұрат Жақсыбаев мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар үшін алғыс білдіріп, мемлекеттік саясаттың азаматтардың қажеттіліктеріне жауап беріп жатқанының айқын дәлелі дей келе, бұл – өңірлік басқарудың адами өлшемін және гуманистік бағытын күшейтумен қатар, зейнеткерлікке шыққандар үшін тынығып, демалудан бөлек, спорттың сан түрімен шұғылданып, ұзақ өмір жасауға берілген зор мүмкіндік екенін атап өтті.
Айтса айтқандай, орталықтағы оқу және демалыс алаңдары, бильярд пен шахмат ойнауға арналған бөлмелер – зейнеткерлер мен ерекше жандардың денсаулығын нығайтуға және қоғам өміріне белсенді араласуына психологиялық және физикалық мүмкіндіктерді кеңейтіп, көңіл сергітуге де жол ашады.
Жалпы, «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығының ашылуы – Созақ ауданының өңірлік дамуын адами және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына сүйене отырып жүргізуге деген саяси міндеттемесінің нақты көрінісі. Бұл орталық зейнеткерлер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өмір сапасын арттыруға және инклюзивті қоғамды қалыптастыруға зор үлес қосады. Жаңа әлеуметтік нысандардың кезең-кезеңімен өз жалғасын табуы туралы аудан басшысының сөзі – Созақ ауданының әлеуметтік инфрақұрылымды тұрақты дамытуға деген ұмтылысын білдіреді.

