Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс – қимыл кезеңі» атты жолдауында мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бұл тұста, мемлекеттік органдар жұмысының деңгейін арттыру, мемлекеттік қызметтердің сапасын көтере отырып, бизнес пен халыққа жеңілдетілген жіне жедел қызмет ұсыну – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі екені айқын.
Осы ретте, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен Созақ ауданында жүргізілген мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына қоғамдық бақылау – бұл Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын институционалдық және практикалық тұрғыдан іске асырудың айқын көрінісі десек те болады. Қоғамдық бақылау – мемлекеттік аппараттың өз міндеттерін сапалы және ашық орындауын қадағалауға арналған қадағаушылық жүйесі. Түркістан облысы бойынша департаментімен мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманы, олардың процедураларын жетілдіру мен мемлекеттік қызметтер көрсету саласын цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылау жасау бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Ведомствоаралық бақылау жұмысына Созақ ауданы әкімі аппаратының өтініштердің қарауын бақылау және құжаттандырумен қамтамасыз ету бөлімшесінің бас инспекторы С.Қарабаев және «Демеу» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Б. Смахова Созақ ауданы бойынша мансап орталығы филиалында қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізді. Мұндай біргелесіп жүргізілген қоғамдық бақылау — билік пен қоғамның ортақ мақсаттағы жұмыс сапасын арттыруға басымдық беретіні сөзсіз.
Бақылау барысында қарастырылған мәселелердің тізімі — «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» формуласының мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы есеп берушілік қағидасын толықтай қамтамасыз етуге бағытталған. Мансап орталығы филиалының жұмысының әрбір элементі құқықтық және этикалық тұрғыдан сараланды. Әрине, қызметтердің қолжетімділігінің, анық ақпараттың болуының және қабылдаудың сапалы ұйымдастырылуының тексерілуі – мемлекеттік қызметкерлердің азаматтар алдындағы ақпараттық және сервистік жауапкершілігін бағалаудың негізгі жұмыс бағдары.
Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышының болуы – азаматтардың мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға деген мүмкіндігін арттырады. Бұл «Адал азамат» тұжырымдамасының цифрлық және сервистік ортадағы көрінісінің айнасы. Бақылаудың ең маңызды аспектісі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдайлардың болуы және ғимараттың дабыл батырмаларының іске жарамдылығы сияқты мәселелердің қаралуы. Бұл – Әділетті Қазақстанның әлеуметтік саясатының гуманистік бағытын және халықтың ең әлсіз топтарын қорғауға деген принципиалды міндеттемесін көрсетеді.
Жалпы, «Демеу» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымының бақылауға қатысуы – инклюзивті қоғам құрудағы мүгедектердің мүдделерін тікелей қорғауға және мемлекеттік қызметтердің баршаға бірдей тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге деген әлеуметтік-этикалық талап деуге де болады. Неге десеңіз, филиал орталығы тарапынан ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің жағдайымен танысып, филиалға келушілерді қабылдау сапасын көріп, олар айтатын кейбір түйіткілді мәселелердің бей-жай қалмайтынын, бар қызметтің келуші жергілікті тұрғындар үшін жасалынғанын талапқа сай екендігін көру мақсатындағы бақылау жұмыстарының пайдасы орасан.
Қоғамдық бақылау жұмысының соңында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында тиісті деңгейде ұйымдастырылуы бойынша ұсынымдардың берілуі – бақылау процесінің конструктивті және нәтижелі сипатын көрсетеді. Ұсынымдар – Созақ ауданының басқарушылық тиімділігін және азаматтарға қызмет көрсетудің сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадамдардың негізіне айналады.
Мұндай іс-шара Созақ ауданының тұрғындары үшін мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндіктерін пайдаланудың маңыздылығын түсіндіреді. Тек белсенді, адал азаматтардың қатысуы арқылы ғана мемлекеттік аппараттың сапасы және Әділетті Қазақстанның қағидаттары тұрақты жүзеге асырылатыны сөзсіз.

