Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған еді. Енгізілген түзетулер қоғамда қызу талқыланған болатын. Осыдан кейін, Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына араға бір жыл уақыт салып, 2024 жылдың 15-ші сәуірінде заңдарға қол қойды.
– Бұл – өте қажетті құжат. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – баршаңызға айқын. Еліміздегі әрбір шаңырақ қазақ отбасының үлгісіне айналуы керек. Әрине, қабылданған заң барлық қатерді бірден жойып жібермейді. Бұл – ұзақ әрі күрделі үдеріс. Заң жазалау үшін емес, ең алдымен, құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін маңызды. Оған бүкіл қоғам болып атсалысу қажет.
Мен Құрылтай отырысында елімізге қатер төндіретін бес кеселге тоқталдым. Тағы да қайталап айтқым келеді. Жұртты нашақорлық пен құмарпаздықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, вандализм мен ысырапшылдықтан қорғау – ортақ міндет. Мемлекет бұл бағытта нақты қадамдар жасап жатыр. Осы жолда ақпарат өкілдерінің рөлі ерекше, — деген еді Мемлекет басшысы.
Осы орайда, қоғамдық сананы жаңғырту мен Мемлекет басшысының саясатын ұлықтау мақсатында Бәйдібек ауданының әкімдігі 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-әрекет» республикалық акциясының өтетіні жайында мәлімдеді. «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-әрекет» республикалық акциясы – бұл тек күнтізбелік іс-шара емес, сонымен бірге Қазақстан мемлекетінің әлеуметтік-гуманистік құндылықтарға және отбасы институтының қауіпсіздігіне деген табанды әрі саяси ерікті міндеттемесін білдіреді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты жолын кесу және оның алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы халықты ақпараттандыру – ашық мемлекеттің, әділетті қоғамның және құқықтық сананың қалыптасуының негізгі құралы.
Акцияның басты философиялық мәні – гендерлік теңдікті тек құқықтық декларация деңгейінде емес, сонымен бірге тұрмыстық қатынастардың этикалық және моральдық-әлеуметтік негізі ретінде орнату. Қоғамдағы отбасының рөлін нығайту – ұлттық қауіпсіздіктің және демографиялық тұрақтылықтың ұзақ мерзімді стратегиялық міндеті болып табылады. Осы ретте, Бәйдібек ауданының полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» және «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заңдардың практикалық жүзеге асырылуын қамтамасыз етеуге ықпалын тигізетін жұмыстарды атқармақ. Профилактикалық жұмыстарды өткізудегі басты мақсаты – заңның қатаңдығын ғана көрсетпей, сонымен бірге азаматтарды өз құқықтары мен міндеттемелері туралы толыққанды хабардар ету арқылы құқықтық мәдениетті көтеру.
Акция аясындағы шалғайдағы ауыл тұрғындарына қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етуге және жәбірленушілерге қатысты зорлық-зомбылық қолданылған жағдайда зардап шеккендердің іс-қимылы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына бағытталған көшпелі іс-шаралар – мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін және әлеуметтік әділеттіліктің территориялық теңдігін қамтамасыз етудің ашық факторы. Бұл бағытта, әйелдер мен қыз-келіншектерге әр түрлі бағытта кеңестер беру, анкеталық сұрақтар, үлестірме материалдар тарату – әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және психологиялық, құқықтық қолдауға мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетудің гуманистік миссиясын атқарады. Сонымен қатар, отбасылық тұрмыстық саладағы құқық бұзушыларды заңнамалық өзгерістермен таныстыру – жауапкершіліктің бұлтартпастығын және мемлекеттік саясаттың қатаңдауын айқын жеткізудің әдістемесі жайында сөз болмақ.
Акция барысындағы полиция қызметкерлерінің тұрмыста құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды, сондай-ақ, қолайсыз отбасыларды тұрғылықты жері бойынша тексеру жұмыстарын жүргізуі – құқық қорғау органдарының тек оқиғадан кейінгі емес, сонымен бірге алдын ала жұмыс істеуге көшкенін көрсетеді. Сондай-ақ, қорғау нұсқамалары шығарылған және мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген адамдардың өздеріне қатысты шектеулерді сақтауына ерекше назар аударылуы – жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мемлекеттік кепілі. Бұл – биліктің әлеуметтік тәуекелдерді жеке бақылауға алуының құқықтық механизмінің айқындылығын айшықтары сөзсіз.
Акцияны қолдау мақсатында Отбасын қолдау орталығы (8 775 142 23 08), аудандық полиция бөлімі (2-10-76 немесе 102) сенім телефондары үздіксіз жұмыс істеп, қауіпсіздік жүйесінің жылдамдығымен, қолжетімділігімен және психологиялық-құқықтық көмектің үздіксіздігімен жергілікті тұрғындарға қызмет етеді. Сенім телефондары – жәбірленушілер үшін алғашқы психологиялық және құқықтық көмекке оперативті қол жеткізудің маңызды арнасы екенін естеріңізге саламыз.
Сонымен қатар, адамдар көп жиналатын орындарында (базарлар, сауда орындары т.т) «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол – ЖОҚ» тақырыбындағы жадынамалар таратылып, бұл мәселенің тек жеке отбасының ісі емес, бүкіл қоғамның ісі екендігін мәдени және идеологиялық тұрғыдан таныту жұмыстары атқарылады. Жалпы, Бәйдібек ауданындағы бұл республикалық акция – Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құрудағы негізгі құндылығы – адам құқығын қорғау және отбасы институтын нығайту – идеясын жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдардың, полицияның және үкіметтік емес сектордың біртұтас күш-жігерімен жүзеге асырудың терең аналитикалық және гуманистік көрінісіне айналмақ.

