Қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – жастар арасындағы интернет-алаяқтық пен нашақорлықтың алдын алу. Осыған орай, Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің Ювеналды полиция бөлімшесінің білім беру ұйымына бекітілген учаскелік полиция инспекторы (АПБ ҚКБ ЮПБ УПИ) полиция капитаны Ж.Т. Қуатбеков бастамашылық танытып, мектеп ұжымымен, оқушылармен және ата-аналармен бірлесіп, ауқымды профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруда. Акцияның негізгі мақсаты – балаларды қылмыстың екі түрінен: киберқауіптерден және есірткіге тәуелділіктен қорғау, сондай-ақ, олардың бойына экологиялық және құқықтық мәдениетті қалыптастыру.
Полиция капитаны Ж.Т. Қуатбеков өз баяндамасында тек құқықтық мәселелерді ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілік мәселелерін де қозғады. Ол мектеп ұжымымен, оқушылармен және ата-аналармен бірлесіп өткізілетін сенбіліктер, ағаш отырғызу және қоқыс тазалау жұмыстарының маңыздылығын атап өтті. Бұл шаралар балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, туған жерінің тазалығына деген жауапкершілік сезімін оятуға бағытталған.
Кездесудің басты тақырыптарының бірі – интернет-алаяқтықтан сақтану болды. Полиция капитаны алаяқтықтың қазіргі таңда кең тараған түрлерін, әсіресе әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алдау схемаларын жан-жақты түсіндірді. Ол алаяқтардың құрығына түспеудің нақты және тиімді жолдарын, күмәнді сілтемелерді ашпау және жеке деректерді бөтен адамдарға бермеу қажеттігін егжей-тегжейлі айтып берді. Сондай-ақ, ол кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін мектеп инспекторы мен сынып жетекшілерінің бірлескен жұмыстарының тиімділігін арттыру қажеттігін хабардар етті.
Ата-аналарға арналған жиналыстарда көтерілетін негізгі мәселелерге тоқтала келе, полиция капитаны Ж.Т.Қуатбеков:
- Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
- Интернетті тиімді әрі қауіпсіз пайдалануды бақылау;
- Ерте жастан құқықтық мәдениетті қалыптастыру қажеттігін айтты.
Полиция қызметкерінің айтуынша, тек полицияның күшімен ғана емес, мектеп ұжымы мен ата-аналардың бірлескен жауапкершілігі арқылы ғана жастарды зиянды әдеттерден және қылмыстық әрекеттерден толықтай қорғауға болатынын тілге тиек етті.

