Соңғы уақытта қаржылық алаяқтық пен киберқылмыстың бір түрі – дропперлік схемасы белең алуда. Дропперлер (ақша тасымалдаушылар) – өздерінің банк шоттарын белгісіз тұлғаларға заңсыз ақша аударымдарын қабылдау және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін ұсынатын адамдар. Полиция департаменті осы қылмыстық топтың бір мүшесі, ұсталған жас жігіттің оқиғасын мысал ете отырып, барлық азаматтарды мұқият болуға шақырады.
Қылмыстық іске қатысы бар жас жігіт өзінің жағдайын баяндап, қалай заңды бұзғанын, қалай дропперге айналғанынан ақпарат тарқатты. Оның айтуынша, бәрі мессенджер арқылы келген оңай ұсыныстан басталған. Белгісіз тұлға оған өзінің банк шотын ақша аударымдарын қабылдап, оны комиссия үшін қолма-қол ақшаға айырбастауға пайдалануды ұсынған. Мұндай ұсынысқа ер адам еш қарсылықсыз бұл қылмыстық ұсынысқа келіскен және кейін оңай ақша табу үшін бұл іске өз таныстарын да тартқан. Ұсталған азаматтың шотынан жалпы 141 миллион теңге көлеміндегі ақша аударылғаны анықталды. Ол шотынан алған қолма-қол ақшаны өзінен басқа жеке танымайтын тұлғаларға беріп отырған.
Ұсталған дроппер өзінің әрекетінің заңға қайшы екенін кеш түсінгенін және бұл әрекет арқылы өзінің ғана емес, таныстарын да қиын жағдайға түсіргенін өкінішпен жеткізді. Ол өзінің жеңіл ақша табуға деген құмарлығының соңы қазір қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соққанын мойындады. Дропперлік схемасына қатысу, яғни өз банктік деректеріңізді (шот, карта) алаяқтыққа пайдалану үшін өзгелерге беру – бұл ауыр қылмыс болып табылатынын полиция қатаң ескертеді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мұндай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады және ірі көлемдегі айыппұлдарға немесе бас бостандығынан айыруға себеп болуы мүмкін.
Жалпы, азаматтар өздерінің жеке деректеріне мұқият болып, банк шоттарын белгісіз тұлғалардың пайдалануына бермеуі қажет. Оңай табыс табуға уәде беретін кез келген күмәнді ұсыныстарға сенбеңіз, керісінше, дереу полицияға хабарлаңыз.

