Есірткімен күрес және нашақорлықтың алдын алу – қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуының маңызды шарты. Шымкент қаласының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құрманбек Сатынбекұлы Сахов өңірдегі «Заң мен тәртіп» қағидасын қамтамасыз ету, әсіресе есірткі қылмыстарымен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.
Полиция полковнигінің айтуынша, жеке құрамның барлығы есірткі қылмыстарын анықтауға, оның жолын кесу мен таралуын болдырмауға жұмылдырылған. Қабылданған шаралар нәтижесінде биылғы 9 айда есірткімен байланысты 443 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 79-ы есірткі сату, 14-і аса ірі мөлшерде сақтау, 32-і есірткі өсімдіктерін егіп-өсіру қылмыстары.
Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 354 кг 28 гр есірткі заттары тәркіленген. Бұның ішінде 208 кг марихуана және 29 кг 31 гр синтетикалық есірткі заттары бар. Синтетикалық есірткінің таралуы өзекті мәселе болып отыр.
Қазіргі таңда есірткі саудасы негізінен интернет арқылы жүргізіледі. Осыған байланысты, Полиция департаменті интернет желісінде тұрақты мониторинг жүргізуде. Жыл басынан бері есірткі саудасына қатысты және оған тартатын 1628 интернет сайттар, әлеуметтік желі парақшалары мен мессенджерлік каналдар анықталып, бұғаттауға енгізілді. Сонымен қатар, қылмыстық әрекеттерде пайдаланылған 1710 банк есепшоты бұғатталып, жалпы 47 млн теңге заңсыз қаражатқа шектеу қойылды.
Полиция департаментінің тағы бір басым бағыты – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес нашақорлықтың алдын алу бойынша тиімді шаралар қабылдау. 2025 жылдың 9 айында басқа мемлекеттік органдармен және ҮЕҰ-мен бірлесіп, халық арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған 919 түрлі іс-шаралар өткізіліп, 203 мыңнан астам адам қамтылған.
Профилактикалық жұмыстардың басты назары жастармен жұмысқа аударылған. Полиция қызметкерлері білім беру мекемелерінде (мектептер, колледждер, ЖОО) құқықтық сабақтар, квесттер, викториналар, сурет байқаулары мен спорттық мерекелер сияқты инновациялық әдістерді қолдана отырып, есірткінің заңсыз айналымы үшін заңда белгіленген жауапкершілікті түсіндіруде.
Бұл жұмыстарға полицейлер, денсаулық сақтау мамандары, спортшылар мен жастар ұйымының қызметкерлері жұмылдырылып, жастармен кері байланыс орнатылуда.
(аналитикалық мақала)

