ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНДА ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫ САЛАСЫНА ҰЗАҚ ЖЫЛДАРЫН АРНАҒАН АРДАГЕРЛЕРМЕН САЛТАНАТТЫ КЕЗДЕСУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ. БҰЛ ШАРА ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫН НЫҒАЙТУҒА ЖӘНЕ АРДАГЕРЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІН ҚҰРМЕТТЕУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН.
Іс-шара барысында құқық қорғау саласының дамуына сүбелі үлесін қосқан, адал қызмет еткен ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді. Бұл кездесу ардагерлер үшін ғана емес, жас полицейлер үшін де маңызды болды, себебі оларға аға буынның мол тәжірибесімен алмасуға бірегей мүмкіндік туды. Кездесудің маңызды бөлігі зейнет демалысына шыққан қызметкерлерді шығарып салу рәсімі болды. Қызметтің ең қиын да жауапты кезеңдерінде елдің тыныштығы үшін тер төккен бұл ардагерлерге ерекше ықылас білдірілді. Басқарма басшылығы олардың адал еңбегі үшін зор алғыс айтып, салтанатты түрде құрметпен шығарып салды. Ардагерлерге естелік сыйлықтар мен құрмет грамоталары табыс етілді. Ардагерлер өз кезегінде жас қызметкерлерге еліне адал қызмет етудің және кәсіби ұстанымды сақтаудың маңыздылығы туралы өсиеттерін айтты.
Салтанатты жиынның тағы бір ерекше сәті – полиция мен қоғам арасындағы «алтын көпір» болып жүрген үй басқарушыларын марапаттау рәсімі болды. Бұл азаматтар полициямен бірлескен профилактикалық жұмыстарды атқаруда, аулалардағы құқық бұзушылықтардың алдын алуда айрықша белсенділік танытып келеді. Оларға алғыс хаттар табысталды. Мұндай марапаттау рәсімі құқық бұзушылықпен күресте полиция мен халықтың ынтымақтастығы қаншалықты маңызды екенін тағы да дәлелдеді.
Аталған іс-шаралар ішкі істер органдары қызметкерлерінің жауынгерлік рухын көтеріп қана қоймай, жас буынды адал қызметке шабыттандырып, сондай-ақ қоғам мен полиция арасындағы байланыстың ашықтығын нығайтатыны сөзсіз.

