ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕ ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТҮБЕГЕЙЛІ АНЫҚТАУ МАҚСАТЫНДА АРНАЙЫ ЖАСЫРЫН САУАЛНАМА ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ. АЛҒАШҚЫ ШАРАЛАРДЫҢ БІРІ «ТҰРАН» МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ АРАСЫНДА ӨТКІЗІЛДІ.
Маңыздылығы орасан бастамаға Шымкент қаласы Білім басқармасының психологтары мен Қаратау Аудандық Полиция Басқармасының қызметкерлері де бірлесе қатысты. Жасырын сауалнаманың негізгі мақсаты – студенттер ортасындағы кейбір қауіптілігі бар құпиялардың және өзекті өртеп жүрген мәселелердің себеп-салдарын анықтау, оларға дер кезінде профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізу арқылы көмек беру және құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жандандыру басты бағыт еді.
Сауалнама негізінен деректерді жинау бойынша, үш басты өзекті бағыттар жүйесінде құрастырылған. Студенттердің шынайы жағдайды ашық көрсетуі үшін жауаптардың толық жасырындылығы қамтамасыз етілді.
- ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ БУЛЛИНГ (ҚОРҚЫТУ) МӘСЕЛЕСІ:
- Буллингтің мектеп пен колледждегі таралу деңгейін анықтау.
- Қорқытудың түрлері (физикалық, психологиялық, кибербуллинг) және оның студенттерге тигізетін әсерін бағалау.
- Зорлық-зомбылыққа ұшыраған студенттердің қаншалықты жиі көмек сұрайтынын анықтау.
- ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ СЕБЕП-САЛДАРЫ:
- Студенттерді әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке итермелейтін негізгі факторларды (мысалы, әлеуметтік жағдай, бос уақытты ұйымдастырудың жеткіліксіздігі, агрессивті орта) анықтау.
- Жасөспірімдердің құқық борзуды қаншалықты заңды деп қабылдайтынын білу.
- ЕСІРТКІ ЖӘНЕ НАШАҚОРЛЫҚ ҚЫЛМЫСТАРЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІН АНЫҚТАУ:
- Студенттік ортада есірткі жарнамасының таралуы және оның қолжетімділігі туралы ақпарат жинау.
- Нашақорлыққа бейімдейтін әлеуметтік және психологиялық себептерді (қысым, өмірдегі мақсаттың жоқтығы) анықтау.
- Есірткі қылмыстарын жасауға (мысалы, «закладчик» болуға) итермелейтін жағдайларға талдау жасау.
Полиция қызметкерлерінің қатысуы сауалнама нәтижелерін нақты құқықтық статистикамен байланыстыруға мүмкіндік береді. Ал психологтардың қатысуы жиналған деректерге сүйене отырып, алдағы уақытта білім беру мекемелерінде жекелеген профилактикалық бағдарламалар әзірлеуге негіз болатыны айқын.
Қаратау ауданындағы бұл жасырын сауалнама қорытындылары жастар арасындағы құқық бұзушылықтың жасырын мәселелерін ашып, оларды шешу үшін тиімді іс-шаралар кешенін қалыптастыруға зор үлес қосатыны сөзсіз.

