ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР ТУРАЛЫ ХАБАРЛАУ ЖӘНЕ ПОЛИЦИЯҒА ТІКЕЛЕЙ ЖҮГІНУДІҢ ЖАҢА ӘРІ ЖЕДЕЛ ТӘСІЛІ – «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ЦИФРЛЫҚ СЕРВИСІ АРҚЫЛЫ ТҰРҒЫНДАРДАН ТҮСКЕН ХАБАРЛАМАЛАРДЫҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ.
Аталған цифрлық сервис іске қосылған уақыттан бастап Шымкент қаласының полициясына азаматтардан 1271 хабарлама келіп түскен. Бұл көрсеткіш қала тұрғындарының құқық бұзушылықтарға қарсы күреске белсенді араласуға және жаңа технологиялық мүмкіндіктерді тиімді қолдануға дайын екенін көрсетеді. Полицияға келіп түскен шағымдардың басым бөлігі мынадай мәселелерге қатысты болды:
- Жол қозғалысы ережелерін бұзу жайттары (қауіпті маневрлер, жылдамдықты асыру, заңсыз тұрақ).
- Жол-көлік оқиғалары (ЖКО).
- Басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар (ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу).
Тұрғындардың мұндай белсенділігі қаладағы жол қауіпсіздігін және қоғамдық тәртіпті күшейтуге тікелей әсер етеді. «Заң мен Тәртіп» сервисінің басты артықшылығы – оның тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуінде. Бұл азаматтарға кез келген уақытта құқық бұзушылық туралы ыңғайлы әрі жылдам хабарлау мүмкіндігін береді. Сервисті eGov Mobile және кейбір банк қосымшалары арқылы оңай қолдануға болады. Өтініш беру үшін қолданушы қосымшадағы арнайы «Заң мен Тәртіп» батырмасын таңдап, құқық бұзушылықтың түрін, болған орнын көрсетіп, қысқаша форманы толтырса жеткілікті. Жолданған ақпарат автоматты түрде полицияға жедел жолданады. Келіп түскен хабарламалардың барлығы тіркеліп, белгіленген тәртіпке сай жедел түрде қаралады және тиісті шаралар қолданылады.
Цифрлық технологияларды қолдану азаматтар мен полиция арасындағы өзара әрекеттестікті ашық, ыңғайлы және жедел етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл сервис қоғамда «Заң мен Тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге, азаматтардың құқықтық санасын арттыруға және құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайтуға ықпал етеді. Шымкент тұрғындарының белсенділігі цифрлық полицияның тиімділігін тағы бір дәлелдеді.

