«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫН ҰСТАНҒАН ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ А. НАЗАРБЕКОВ АТЫНДАҒЫ №87 ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТЕ ЕРЕКШЕ СЫНЫПТЫҢ САЛТАНАТТЫ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ. БҰЛ ЖОБА ЖАСТАРДЫҢ ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕСІН НЫҒАЙТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН.
Мектеп тарихындағы маңызды күн – тоғызыншы сынып оқушыларының бір тобы салтанатты түрде кадеттер қатарына қабылданып, олар «Жас сақшы» деп аталатын жас полицейлер сыныбының алғашқы оқушылары атанды.
Мұндай сыныпты құрудың негізгі мақсаты:
- Балалардың әскери-патриоттық тәрбиесін және азаматтық жауапкершілігін нығайту.
- Оларға ерте жастан кәсіби бағдар беру.
- Болашақта құқық қорғау саласын таңдауға көмектесу. Салтанатты ашылу рәсімін Шымкент Қалалық Полиция Департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мәулен Ахметов ашып, жиналғандарға құттықтау сөзін арнады. Іс-шараға сондай-ақ мектеп ұжымы және жас кадеттердің қуаныштарымен бөлісуге келген ата-аналар қатысты. Жас сақшылар үшін полицейлердің үлгісі бойынша арнайы нысанды киім әзірленіп, тігілгенін атап өткен жөн. Бұл нысанды киім оқушылардың тәртіптілігі мен жауапкершілігін арттырып қана қоймай, олардың мамандыққа деген құрметін оятады. Сондай-ақ, «Жас сақшы» сынып бөлмесі арнайы стендтермен және көрнекі жабдықтармен жабдықталған. Мұнда оқушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, полиция қызметінің негіздерімен практикалық тұрғыдан таныса алады. Оқыту бағдарламасы құқықтық негіздер, азаматтық қорғаныс және жеке қауіпсіздік мәселелерін қамтиды. Мектеп әкімшілігі мен Полиция департаментінің басшылығы бұл балалардың болашақта құқықтық тәртіпті сақтауда елдің лайықты азаматтары және кәсіби мамандары болатынына сенімді. Өйткені олар қазірдің өзінде дұрыс таңдау жасап, патриоттық жолға түсті. Бұл бастама Шымкент қаласындағы жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға және оларды мемлекетшілдік рухта тәрбиелеуге үлкен үлес қосады.
Бағлан ИСАТАЕВА ШҚПД-нің баспасөз хатшысы
Аналитикалық мақала

