Шымкент қаласы Полиция департаменті Абай ауданы Полиция басқармасы Қылмыстық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Е. Алғабай №152 жалпы орта білім беретін мектебінде жоғары сынып оқушыларымен маңызды түсіндіру жұмысын жүргізді. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және олар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу болып табылады. Полиция мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізу арқылы жастарды қылмыстық ортадан аулақ ұстауға және олардың саналы азамат болып қалыптасуына үлес қосуда.
Кездесу барысында оқушылар үшін ең өзекті екі тақырыпқа баса назар аударылды. Атап айтқанда, интернет-алаяқтықтың түрлері және одан сақтану жолдары. Полиция капитаны қазіргі таңда кең тараған киберқылмыстардың әдістерін, әсіресе жастарды алдауға бағытталған түрлерін түсіндірді. Ол алаяқтардың әлеуметтік желілер мен телефон арқылы қалай әрекет ететінін, жеке деректерді қорғаудың маңыздылығын атап өтті. Оқушыларға күдікті сілтемелерге өтпеу және онлайн-қаржылық операцияларда сақ болу керектігі ескертілді. Маман алаяқтардың «дроппер» схемасы арқылы қалай алдап соғатынына ерекше тоқталды. Ол, ең бастысы, жеке банк картасын немесе есепшотын бейтаныс адамға қолдануға берудің ауыр қылмыстық жауапкершілікке, яғни қылмыстық топтың сыбайласы болуға әкелетінін баса айтты.
Сонымен қатар, есірткі қылмысының қоғамға тигізер зияны мен алдын алу шараларына тоқталған Е. Алғабай есірткінің жеке адамның денсаулығына ғана емес, сонымен қатар оның болашағына және жалпы қоғамға тигізетін ауыр зардаптарын да жеткізді. Ол синтетикалық есірткінің қауіптілігіне тоқталып, оқушыларға есірткіні тарату немесе қолданудың қылмыстық жауапкершілігі туралы толық мәлімет беріп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Полиция қызметкері оқушыларды заңға құрметпен қарауға, үлгілі тәртіп сақтауға және кез келген күдікті жағдай туралы полицияға дереу хабарлауға шақырды. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – жас ұрпақтың саналы азамат болып қалыптасуына үлес қосу. Оқушылар жиын соңында көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптарын алды.

