Бүгінгі күні қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері Қаратау ауданындағы №130 мектепке арнайы барып, жоғары сынып оқушыларымен кездесті.
Кездесуге Шымкент қаласы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Карбеков және Есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшесі Бахадыр Бекарыс қатысты. Мамандар оқушылармен тәлім-тәрбиелік сұхбат жүргізіп, оларды құқық бұзушылық пен тәртіп бұзушылықтан аулақ болуға шақырды. Олар жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың, бос уақытты тиімді пайдаланып, жан-жақты дамудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, полицейлер қылмыстық жауапкершілік жасын түсіндіріп, заңды бұзудың ауыр зардаптарына тоқталды. Олар оқушыларға болашақта жақсы азамат болу үшін мектеп кезінен бастап үлгілі тәртіп пен білімге ұмтылу қажеттігін жеткізді. Кездесу барысында адамның өмірі мен денсаулығы, құқықтары мен бостандығынан асқан ешқандай қымбат дүниенің жоқтығы айтылды. Қауіпсіз қоғам құру – еліміздің әрбір азаматының міндеті екендігі баса айтылды. Полиция қызметкерлері жастарды өздерінің болашағына жауапкершілікпен қарауға және өз армандарына жету үшін заң шеңберінде әрекет етуге шақырды.
Бұл іс-шара тек ақпарат берумен шектелмей, оқушылардың көкейлеріндегі сұрақтарына жауап беруге мүмкіндік берді. Жастар құқықтық нормалар, есірткінің зияны және басқа да маңызды тақырыптар бойынша өз ойларын ортаға салды. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, оларды дұрыс жолды таңдауға ынталандырады. Бұл – қоғамдағы қылмыс деңгейін төмендетуге бағытталған маңызды қадам.

