Кез келген ата-ана үшін баласының болашағы және оның әртүрлі зиянды заттардан аман болуы ең маңызды мәселе. Қоғамның ортақ мақсаты – жасөспірімдер арасында нашақорлықтың таралуына жол бермеу, олардың есірткі ортасына түсіп кетуінің алдын алу. Осы бағытта, Шымкент қаласының полиция қызметкерлері Қаратау ауданындағы №114 мектепке арнайы барып, жоғары сынып оқушыларымен кездесті.
Кездесуге Шымкент қаласы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Карбеков және Есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшесі Бахадыр Бекарыс қатысты.
Мамандар оқушылармен тәлім-тәрбиелік сұхбат жүргізіп, оларды нашақорлықтың ауыр зардаптарынан сақтанудың жолдары жайында ақпараттандырды. Есірткі қылмысына жауапты тәртіп сақшылары кездесуге қатысып отырған оқушыларға, жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға, бос уақытты тиімді пайдаланып, жан-жақты дамуға шақырды.
Сонымен қатар, кездесу барысында қылмыстық жауапкершілік жасы туралы толық мәлімет берілді. Оқушыларға есірткіге қатысты қылмыстардың ауыр зардаптарға алып келетіні, соның ішінде болашақ өмірге, оқуға түсуге немесе жақсы жұмысқа орналасуға келетін кедергілер түсіндірілді. Мамандар жақсы азамат болу үшін мектеп кезінен бастап үлгілі тәртіп пен білімімен ерекшелену қажеттігін жеткізді. Олар жастарды қазірден бастап өмірлік мақсаттарын айқындап, оған жету үшін талмай еңбек етуге шақырды. Себебі, нашақорлық дерті – бұл армандарды күлге айналдыратын қауіп.
Кездесу соңында полицейлер адамның өмірі, денсаулығы, құқығы мен бостандығынан асқан ешқандай қымбат дүниенің жоқтығын атап өтті. Қауіпсіз қоғам құру – еліміздің әрбір азаматының міндеті екенін айтып, оқушыларды осы бағытта белсенді болуға шақырды.
Жиын соңында оқушылар полиция қызметкерлеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Олар есірткімен күрес және жастар арасындағы қылмыстың алдын алуға қатысты өз пікірлерімен бөлісті. Полицейлер балалардың сауалдарына толыққанды жауап беріп, олардың қоғамдық мәселелерге деген қызығушылығын жоғары бағалады. Бұл кездесулердің маңыздылығы – жастардың құқықтық санасын қалыптастырып, оларды заңға бағынуға және өз болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырады.

