Қоғамдағы ең үлкен қауіптердің бірі – есірткі дерті. Ол адамның өмірін, денсаулығын және болашағын жояды. Сондықтан, жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру – өте маңызды. Осы орайда, Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері Қаратау ауданындағы Ұлт ұстазы, ағартушы ғалым, қоғам қайраткері, Алаш арысы -Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы білім беру мектебіне арнайы барып, оқушылармен кездесті.
Кездесуге Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жауапты қызметкерлері қатысты. Полицейлер оқушылармен тәлім-тәрбиелік сұхбат жүргізіп, оларды нашақорлықтың зиянды әсерінен сақтандырды. Мамандар жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға, бос уақытты тиімді пайдаланып, жан-жақты дамуға шақырды. Спорт, өнер және ғылыммен айналысу – есірткінің алдын алудың ең жақсы жолы екені жайында да кеңірек айтылды.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жауапты қызметкерлері сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстық жауапкершіліктің барысы жайында түсіндірді. Олар оқушыларға заңды бұзудың ауыр зардаптарын, соның ішінде болашақтағы оқу мен жұмыс мүмкіндіктеріне келетін кедергілерді нақты мысалдармен жеткізді. Жақсы азамат болу үшін мектеп кезінен бастап үлгілі тәртіп пен білімімен ерекшелену қажеттігін атап өтті.
Адамның өмірі, денсаулығы, құқығы мен бостандығынан асқан ешқандай қымбат дүние жоқ екенін еске салған полицейлер, қауіпсіз қоғам құру – еліміздің әрбір азаматының міндеті екенін айтып, оқушыларды осы бағытта белсенді болуға шақырды. Мұндай кездесулер жастардың санасын оятып, оларды дұрыс жолды таңдауға ынталандырады.
Жиын соңында оқушылар полиция қызметкерлеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Олар есірткімен күрес және жастар арасындағы қылмыстың алдын алуға қатысты өз пікірлерімен бөлісті. Полицейлер балалардың сауалдарына толыққанды жауап беріп, олардың қоғамдық мәселелерге деген қызығушылығын жоғары бағалады. Сонымен қатар, арнайы әзірленген бейнежазбалар көрсетіп, ондағы көрсетілген сюжеттен мағлұмат берді. Осы ретте, мұндай кездесулердің маңыздылығы – жастардың құқықтық санасын қалыптастырып, оларды заңға бағынуға және өз болашағына жауапкершілікпен қарауға шақыратыны ақиқат.

