Ағымдағы жылдың12 шілдесінен бастап Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын толық тануға кедергі келтіретін киім түрлеріне тыйым салатын жаңа заң нормасы күшіне енді. Осыған орай, Шымкент қаласының полиция қызметкерлері тұрғындар арасында бұл өзгерістер жайлы түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Бұл шараның басты мақсаты – азаматтарды жаңа заңнамалық талаптармен таныстыру және оның не үшін қабылданғанын түсіндіру.
Ендеше, жаңа ережелер кімге және қандай киімге қатысты екенін білгіңіз келсе, онда жаңа норма адамның бет-жүзін толықтай жауып тұратын киімдерге, яғни никаб пен бетпердеге қатысты. Бұл шектеудің басты мақсаты — қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әсіресе адамды жеке басын анықтау (идентификациялау) маңызды болатын жағдайларда қажеттігі орасан. Заңдағы бұл өзгеріс қылмыстардың алдын алуға, күдікті тұлғаларды анықтауға және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған. Көптеген елдерде мұндай шектеулер терроризмге және басқа да қылмыстық әрекеттерге қарсы күресте тиімді құрал ретінде қолданылады.
Полиция қызметкерлері түсіндірме жұмыстарында бұл ереженің барлық киім түрлеріне қатысты емес екенін ерекше атап өтуде. Заңнама талаптары хиджаб, химар, шейла сияқты бетті ашық қалдыратын киімдерге жүрмейді. Бұл – діни киімдердің белгілі бір түрлеріне шектеу қойылмайтынын көрсетеді. Сондай-ақ, мынадай жағдайларда бетті жауып тұратын киімдерді киюге рұқсат беріледі: Медициналық мақсатта: Бетперделер коронавирус сияқты инфекциялық аурулар кезінде немесе денсаулықты қорғау мақсатында қолданылады. Ауа райына байланысты: Суық немесе шаңды ауа райында бетті жауып тұратын шарф немесе басқа да жылы киімдер.
Қызметтік мақсатта: Арнайы қызметтердің қызметкерлері киетін арнайы формалар (мысалы, арнайы операциялар кезінде).
Спорттық мақсатта: Спорттық жарыстар кезінде киілетін спорттық киімдер немесе арнайы маскалар.
Полиция бұл жаңашылдықтың мақсатын дұрыс түсініп, қоғамдық қауіпсіздікті бірге қамтамасыз етуге шақырады. Бұл норма – азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауға бағытталған маңызды қадам. Полиция қызметкерлері тұрғындардың сауалдарына жауап беруге және қажетті ақпараттарды беруге әрдайым дайын екенін мәлімдеді.

