Шымкент қаласындағы Инновациялық-технологиялық колледжінде студенттерге арналған маңызды кездесу өтті. Бұл шараның мақсаты – жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру және оларды нашақорлық сияқты зиянды әдеттерден сақтандыру. Кездесу аясында «Заң және тәртіп» және «Нашақорлықтың зияндылығы» тақырыптары жан-жақты талқыланды. Кездесуге бірнеше саладағы білікті мамандар шақырылды. Олардың арасында, Шымкент қаласы Психикалық денсаулық сақтау орталығының психиатр-наркологы Баймурынова Раушан Асановна нашақорлықтың адам денсаулығына, психикасына тигізетін орны толмас зияны туралы айтып берді. Маман тәуелділіктің қалай қалыптасатынын, оның салдары және көмек сұраудың маңыздылығы туралы нақты мәліметтер ұсынды. Сонымен қатар, Әділет департаментінің бас маманы Бахтияр Самал жастарға заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын және кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдердің құқықтық жауапкершілігіне тоқталып, бірәз мысалдар келтірді. Ал, Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының полиция майоры Садыков Ердаулет Пардахожаұлы есірткімен байланысты қылмыстық жауапкершілік, жаза түрлері және заңды бұзудың салдары туралы түсіндірді. Сонымен қатар, «Серғали» Түркістан аймақтық қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестірушісі Абуталиев Ержан Абдыфаритұлы қоғамдық белсенділіктің маңызы және жастардың бос уақытын тиімді өткізу, спортпен шұғылдану арқылы зиянды әдеттерден аулақ болу жолдары туралы толыққанды айтып өтті.
Кездесу барысында спикерлер тек қана дәріс оқып қоймай, студенттермен ашық диалог құрды. Жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оған жан-жақты жауаптар алды. Кездесу соңында мамандар жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, құқықтық тәртіпті сақтауға және болашаққа сеніммен қарауға шақырды.
Әрине өз кезегінде мұндай кездесулердің жиі өтіп тұрғаны жас ұрпақтың саналы азамат болып қалыптасуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Ең бастысы жастарды дер кезінде жат қылықтан сақтандыру мақсатында ақпараттандырып отыру және оларға дұрыс бағыт-бағдар беру – қоғамның алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі екенін білгеніміз абзал.

