Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкінің бастамасымен 15-30 қыркүйек аралығында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы кең ауқымда жүргізілуде.
Бұл шараның негізгі мақсаты – тек қана заң бұзушылықтарды анықтау емес, сонымен қатар жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Полиция қызметкерлерінің басты міндеті – азаматтардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өлім-жітім мен жарақат алу көрсеткіштерін барынша азайту.Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жол бойындағы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге маңызды ескертулер жасауда.
Жүргізушілерге жолда асықпау, жылдамдық режимін қатаң сақтау және көліктің техникалық жағдайын алдын ала тексеру қажеттігі қайта-қайта еске салынуда. Бұл қарапайым ережелер жүргізушінің өміріне ғана емес, сонымен бірге оның жолаушыларының және жолдағы басқа да қатысушылардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Полицияның айтуынша, көлікті басқару кезіндегі кез келген салғырттық қайғылы салдарға әкелуі әбден мүмкін.Сонымен қатар, инспекторлар жаяу жүргіншілерге жол беру ережесін қатаң сақтаудың маңыздылығын атап өтуде. Әсіресе, мұндай жағдай мектептер мен балабақшаларға жақын аумақтарда ерекшелігі өзекті.
Жүргізушілерге алыс сапар алдында жеткілікті демалып алу және рульде отырғанда үнемі зейінді болу керектігі де баса айтылуда.Полиция қызметкерлерінің назары тек жүргізушілерге ғана аударылмайды. Жаяу жүргіншілердің де жолдағы тәртібі бақылауға алынуда. Қала тұрғындарына жолды тек қана арнайы белгіленген жаяу жүргіншілер өткелінен өту керектігі ескертілуде. Сонымен қатар, жолды өтер кезде ұялы телефонды қолданбау, асықпау және көлік қозғалысына мұқият назар аудару керектігі де айтылуда. Себебі, әрбір азамат өз қауіпсіздігі үшін жауапкершіліктің барын ұғынуы тиіс.Жалпы, «Қауіпсіз жол» іс-шарасы – тек полицияның емес, барша қоғамның бірлесе жұмыс істеуінің үлгісі. Әрбір азамат жол ережелерін сақтап, жауапкершілігін сезіну арқылы өзінің және өзгелердің қауіпсіздігіне үлес қосады. Полицияның бұл бастамасы қаладағы жол-көлік оқиғаларын азайтып, жол қозғалысы мәдениетін жаңа деңгейге көтереді деген сенім бар.
Қауіпсіз жол – бұл баршамызға ортақ міндет!

