Жас ұрпақты заңды құрметтеуге және азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеу – қоғамның дамуы үшін аса маңызды міндет. Осы орайда, Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкі жас жол инспекторларымен бірлесе отырып, оқушылар үшін ерекше танымдық-тәрбиелік іс-шара ұйымдастырды. «Полициямен бір күн» деп аталған бұл шара балаларға полиция жұмысының ерекшеліктерін тікелей көріп, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді.
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ҚЫЗМЕТІ
Іс-шара барысында мектеп оқушылары патрульдік полиция қызметкерлерінің қала көшелеріндегі күнделікті жұмысына куә болды. Олар қоғамдық тәртіпті қалай қамтамасыз ететінін, жол-көлік оқиғалары кезінде қалай әрекет ететінін және азаматтардың қауіпсіздігін қалай қорғайтынын өз көздерімен көрді. Бұл оларға полиция қызметінің тек заңды бұзғандарды жазалау ғана емес, сонымен қатар қоғамда тыныштық пен тәртіпті сақтау екенін түсіндірді.
Сонымен қатар, балалар үшін қаланың туристік келбетіне жауап беретін Туристерге қызмет көрсету взводының жұмысымен танысу ерекше қызығушылық тудырды. Олар полицейлердің туристерге бағыт-бағдар беру, шетел азаматтарына көмек көрсету және демалыс орындарында қауіпсіздікті қадағалау сияқты маңызды міндеттерін көріп, полиция қызметінің көпқырлы екеніне көз жеткізді.
ЖАСТАРДЫҢ БЕЛСЕНДІ ҰСТАНЫМЫ
Іс-шара барысында жас жол инспекторлары пассивті бақылаушы ғана емес, белсенді қатысушы болды. Олар қала тұрғындары арасында мопед пен скутер жүргізушілерінің жолдағы тәртібі туралы өзекті тақырыпта шағын сауалнамалар жүргізді. Бұл зерттеу барысында шлем киюдің маңыздылығы, қозғалыс жылдамдығын сақтау және жаяу жүргіншілерге жол беру қажеттігі сияқты мәселелер көтерілді. Бұл олардың алған білімдерін іс жүзінде қолдана алатындығын көрсетті.
Полиция департаментінің өкілдері: «Мұндай шаралар балалардың құқықтық сауатын арттырып, оларды полиция қызметіне жақындатып, болашақта еліміздің гүлденуіне үлес қосатын патриоттық және азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Біз жастарға қауіпсіздік – бәріміздің ортақ міндетіміз екенін көрсеткіміз келді», – деп атап өтті.
Бұл шара жас жол инспекторларының Өскемен қаласында өтетін республикалық слётқа дайын екендіктерін және өз білімдері мен дағдыларын сенімді түрде көрсете алатындарын дәлелдеді.

