Жазғы демалыс — балалар мен жасөспірімдер үшін жаңа күш жинап, қызықты уақыт өткізетін кезең. Алайда, бұл уақытта олардың қауіпсіздігі мен салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі басты назарда болуы тиіс. Шымкент қаласының Полиция департаменті жас ұрпақтың санасын қорғауға бағытталған маңызды шараларды қолға алып, жазғы сауықтыру лагерьлерінде нашақорлықтың алдын алу бойынша кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Биыл қала аумағындағы 275-тен астам демалыс орнының бәрі осы акциямен қамтылған.
Полиция қызметкерлерінің мақсаты — тек заң бұзушылықтың алдын алу ғана емес, сонымен қатар балалармен сенімді қарым-қатынас орнатып, оларға есірткінің қауіптілігін жан-жақты түсіндіру. Әрбір кездесуде полицейлер психоактивті заттардың денсаулыққа, болашаққа және жеке тұлғаның дамуына тигізетін физикалық және психологиялық зияны туралы айтып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын жеткізеді. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтар, соның ішінде есірткіні жасырын тарату (закладка) сияқты қылмыстар туралы және олар үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік туралы ескертіледі.
Бұл жұмыстар дәрістермен шектелмей, интерактивті форматта өткізіледі. Мысалы, «Үш бұлақ» және «Hawaii» сауықтыру орталықтарында өткізілген іс-шара барысында полицейлер балалардың тақырыпқа қызығушылығын арттыру үшін сұрақ-жауап түріндегі зияткерлік ойындар өткізді. Ойын барысында балалар заң, есірткінің қауіптілігі және қауіпсіздік ережелері туралы сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін көрсетті.
Кездесудің маңызды бөлігі спорттық іс-шаралар болды. Мини-футбол және эстафеталық жарыстар ұйымдастырылып, балалардың бойында спортқа деген құмарлық пен белсенділік оятылды. Спорттық іс-шаралар есірткі мен басқа да зиянды әдеттердің адам өміріндегі орны жоқ екенін, шынайы күш пен қуат тек салауатты өмір салты арқылы келетінін дәлелдеді.
«Жастар – біздің болашағымыз. Біз оларды тек заңсыз әрекеттерден қорғап қана қоймай, олардың саналы азамат болып қалыптасуына көмектесуге міндеттіміз. Мұндай іс-шаралар балаларға дұрыс таңдау жасауға және есірткіге қатысты ұсыныстарға «жоқ» деп айтуға үйретеді» – деп атап өтті Полиция департаментінің өкілдері.
Полиция бұл жұмысты одан әрі жалғастырып, жас ұрпақтың сау әрі қылмыстан ада болып өсуіне барынша күш салмақ.

