Қазақстанда есірткі қылмысының жолын кесуге бағытталған «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Бес айға жоспарланған ауқымды операцияның негізгі мақсаты – есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ есірткілік өсімдіктерді заңсыз өсіру мен дайындау деректерінің жолын кесу болып табылады.
Операцияның басталуымен Шымкент қаласының аумағындағы жұмыстар жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. Қалалық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің арқасында, іс-шараның алғашқы екі айында құрамында есірткі бар өсімдіктерді егіп-өсіруге қатысты 24 қылмыстық дерек анықталды. Бұл көрсеткіш қаладағы есірткі қылмысының ауқымын көрсетеді.
Мәселен, операция барысында шілде айында өз үйінде есірткі өсімдіктерін өсірумен айналысқан қала тұрғыны ұсталды. Полиция жүргізген тексеру барысында, оның ауласынан жалпы салмағы 37 келіден асатын 474 түп «сора» есірткі өсімдігі тәркіленді. Күдікті бұл әрекеті үшін қамауға алынып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Осыған ұқсас рейдтік жұмыстар нәтижесінде тағы да бірнеше есірткі қылмысы анықталып, тергеп-тексеру жұмыстары басталды.
Сонымен қатар, тамыз айының алғашқы аптасында полиция қызметкерлері есірткі саудасымен айналысқан екі кәмелетке толмаған жасөспірімді ұстады. Олар аса ірі мөлшердегі синтетикалық есірткілерді «жасырып кету» (закладки) әдісімен таратумен айналысқан. Тексеру барысында бірінен 10 дана, екіншісінен 44 дана есірткі орамасы табылып, тәркіленді.
Осыған орай, қалалық полиция департаменті есірткі қылмысының ауыр зардаптары туралы тағы да ескертеді. Заңсыз есірткі өсімдіктерін егіп-өсіргені үшін Қазақстан заңнамасына сәйкес бас бостандығынан айырумен байланысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Есірткі заттарын өткізумен байланысты қылмыстар үшін жауапкершілік 14 жастан басталатынын атап өту маңызды. Полиция бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтаусыз жалғастырады және қоғамды есірткіден қорғауға барынша күш салады.

