Қазіргі қоғамда интернет пен әлеуметтік желілер күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда осы кеңістік қылмыстық элементтердің, әсіресе есірткі саудасымен айналысатындардың уытты контентін таратуына ықпал етуде. Осыған байланысты, Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қазіргі қауіп-қатерге қарсы тұру үшін жұмыстың жаңа бағыттарын белсенді түрде дамытуда. Есірткіні жарнамалайтын және саудалайтын интернет-ресурстарды бұғаттау – полицияның бұл бағыттағы негізгі стратегиялық міндеті.
Басқарма қызметкерлері интернет желісіне тұрақты мониторинг жүргізу арқылы есірткі заттарын саудалайтын, оны насихаттайтын және жасырын жарнамалайтын парақшаларды, сайттарды, мессенджер арналарын және әлеуметтік желілердегі топтарды үздіксіз анықтап келеді. Бұл күрделі жұмысқа полицияға қолдау көрсету мақсатында кибер-еріктілер тобы жұмылдырылған. Олардың арасында IT-мамандар, студенттер мен патриоттық сезімі мол азаматтық белсенділер бар. Бұл тиімді серіктестік қауіпті контентті жылдам әрі дәл анықтауға, оның таралуын тез арада тоқтатуға мүмкіндік береді.
Бірлескен жұмыстың нәтижесінде, биылғы 7 ай ішінде 1243 заңға қайшы мазмұндағы интернет-ресурс, оның ішінде психоактивті заттардың суреттері, жасау нұсқаулықтары және оларды таратудың жасырын әдістері туралы ақпарат табылған. Анықталған әрбір ресурс арнайы ақпараттық жүйеге енгізіліп, одан әрі бұғаттау үдерісі үшін жіберіледі.
Айта кету керек, үдеріс қатаң заңдық талаптарға негізделген. Жүйеге енгізілгеннен кейін, әрбір парақша мен каналға арнайы мамандар сараптама жүргізеді. Тек жеткілікті әрі нақты негіздер болған жағдайда ғана, тиісті мемлекеттік органдардың келісімімен бұғаттауға түпкілікті рұқсат беріледі. Бұл іс-шара кездейсоқ бұғаттауды болдырмай, азаматтардың құқықтары мен еркіндігін қорғауды қамтамасыз етеді.
Басқарма қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, «есірткі қылмысымен күрес қазіргі таңда тек көшеде ғана емес, виртуалды әлемде де жүргізілуде. Біздің негізгі міндетіміз – жас ұрпақты зиянды ақпараттан қорғау және интернет кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Полиция қызметкерлері бұл маңызды жұмысты жалғастыра беруге бел буып отыр. Өйткені, қазіргі жаһандану кезеңінде ұлттың болашағы – оның таза саналы және дені сау ұрпағы.

