Соңғы уақытта Шымкент қаласында мопед пен скутер жүргізушілерінің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғаларының саны артып отыр.
Талдау көрсеткендей, мұндай оқиғалардың басым бөлігі — қозғалыс ережелерін сақтамау, қорғаныс құралдарын пайдаланбау және жолда ұқыпсыздық таныту салдарынан туындайды. Бұл мәселе қала жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өзекті болып отыр. Сонымен қатар, жол апатына жол берушілердің басым бөлігі жастарымыз екені жасырын емес.
Осы ретте патрульдік полиция полкінің командирі, полиция подполковнигі Дәнебеков Талғат Мықтыбекұлы жол қозғалысына қатысушыларға арнайы үндеу жасап, онда «Құрметті жол қозғалысына қатысушылар! Жолдағы қауіпсіздік — бұл жай ғана талап емес, бұл әрқайсымыздың өмірімізге тікелей әсер ететін маңызды шарт. Жолдағы әрбір әрекетіміз өзіміздің және басқалардың қауіпсіздігіне тікелей байланысты екенін естен шығармауымыз керек»,- деді.
Әсіресе мопед және скутер жүргізуші жастарымыз келесі ережелерді қатаң сақтауы тиістігін ескертті. Қорғаныс шлемінсіз жолға шықпауды, себебі шлем – басты қорғаныс құралы, ол құлаған жағдайда ауыр жарақат алу қаупін айтарлықтай төмендетеді. Жылдамдықты шамадан тыс асырмауды, мопедтер мен скутерлердің тұрақтылығы төмен болғандықтан, жоғары жылдамдық апатқа әкелуі мүмкін. Жаяу жүргінші өткелінде міндетті түрде тоқтауды, өйткені жаяу жүргіншілерге жол беру – жол ережесінің басты талаптарының бірі. Қарама-қарсы жолаққа шығудан бас тарту, бұл өте қауіпті маневр, ол қарсы келе жатқан көлікпен соқтығысу қаупін тудырады. Сондықтан да, жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз орындаңыз — бұл өз өміріңізді ғана емес, өзгелердің де қауіпсіздігін сақтайды.
«Есіңізде болсын, бір сәттік абайсыздық ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Өмір — ең қымбат құндылық. Оны сақтау – әрқайсымыздың қолымызда. Қауіпсіздікті бірге қамтамасыз етейік»,- дейді патрульдік полиция полкінің командирі, полиция подполковнигі Дәнебеков Талғат Мықтыбекұлы.
Полиция Департаменті жол қозғалысына қатысушылардың барлығын, әсіресе мопед пен скутер жүргізушілерін жол ережелерін қатаң сақтауға, қырағы болуға және өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Тек осылайша ғана біз жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, Шымкент жолдарын қауіпсіз ете аламыз.

