Қаланың ғимарат қабырғаларына есірткі жарнамасын білдіретін жазбалар мен QR-кодтар салу – қоғам үшін аса қауіпті әрекет. Бұл тек вандализм ғана емес, сонымен қатар жастарды есірткіге итермелеуге бағытталған қаскүнемдік әрекет.
Мұндай заңсыз жарнамалар қоғамдық тәртіпті бұзады және халықтың, әсіресе жас ұрпақтың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Олар жас санаға теріс әсер етіп, оларды зиянды әдеттерге итермелейді, бұл болашақта қайғылы салдарға әкелуі мүмкін.
Шымкент қаласының полиция қызметкерлері мұндай деректерді анықтау және жою бойынша тұрақты, жүйелі жұмыс жүргізуде. Олар қала көшелерін бақылап, заңсыз жарнамаларды өшіруге және оны салған тұлғаларды анықтап, жауапкершілікке тартуға бағытталған шараларды белсенді атқаруда. Бұл жұмысқа көбінесе арнайы жасақтар мен учаскелік инспекторлар жұмылдырылады. Олар түнде де, күндіз де қала аумағын бақылап, есірткі жарнамасының жаңа ошақтарын анықтауға тырысады.
Алайда, бұл күресте тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір саналы азаматтың белсенді қатысуы өте маңызды. Полицияның күш-жігері ғана жеткіліксіз. Себебі, мұндай жазбалар қаланың кез келген бөлігінде, кез келген уақытта пайда болуы мүмкін.
Осы ретте, қаламыздың құқық қорғаушылары, егер сіз қала көшелерінен, ғимарат қабырғаларынан, қоршаулардан немесе басқа да қоғамдық орындардан есірткі жарнамасының күмәнді жазбаларын немесе QR-кодтарды байқасаңыз, бірден 102 нөміріне хабар беруді ескертеді. Сондай-ақ, хабарламаңызды берген кезде, жазбаның орналасқан жерін (нақты мекенжай, жақын маңдағы көшелер немесе нысандар) мүмкіндігінше дәл сипаттауға тырысыңыз. Себебі, сіздің әрбір хабарламаңыз полицияға осындай қылмыстың жолын кесуге, жауапты тұлғаларды анықтап, оларды заң аясында жауапкершілікке тартуға көмектеседі. Әрбір өшірілген жазба – бұл жасөспірімдердің санасын зиянды әсерден қорғауға бағытталған үлкен қадам екендігін білгеніңіз абзал.
Біздің ортақ мақсатымыз – есірткісіз, қауіпсіз және салауатты қоғам құру. Бұл ортақ мақсатқа жету үшін қоғам болып жұмылуымыз қажет. Әрбір саналы азаматтың үлесі біздің қаламызды таза әрі қауіпсіз етуге, жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына және олардың жарқын болашағын қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Есірткіге қарсы күрес – бұл әрқайсымыздың қолымыздан келетін әрекет. Бірге әрекет етейік!

