Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта айналамызда меңіреу сияқты, құлаққаптарын тағынып алған, ешнәрсемен шаруасы жоқ жастарымыздың қатары саябырсымай тұрғаны. Тіпті, он қадам көше бойлай жүрсеңіз өзімен-өзі сөйлесіп, мәз-мейрам болып кетіп бара жатқан жастарды көресіз.
Міне осындай жастарға айтарымыз, өз қауіпсіздігіңіз үшін жолдан өткен кезде ерекше сақ болыңыз және айналаңызға мұқият назар аударыңыз. Қазіргі таңда көптеген адамдар жолда жүргенде құлаққаппен музыка тыңдауды немесе телефонмен сөйлесуді әдетке айналдырған. Алайда, бұл әдет жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін үлкен қауіп төндіреді.
Құлаққаптың жолдағы қауіптілігі мен одан еліктен бас тарту керектігіне тоқталар болсақ, құлаққап — сыртқы ортадан келетін дыбыстарды естуге кедергі келтіреді, бұл жол қозғалысы қатысушысы үшін өте қауіпті. Жолдан өткен кезде немесе қозғалыс қарқынды көшелерде жүргенде көліктердің дауысын, сигналдарын немесе басқа да маңызды ескертулерді естімеу өмірге қауіп төндіреді. Құлаққаппен жүру тек есту қабілетіне ғана емес, сонымен қатар көңіл бөлу қабілетіне де әсер етеді. Музыкаға немесе әңгімеге зейін салған жаяу жүргінші айналасындағы өзгерістерді, мысалы, жақындап келе жатқан көлікті, бағдаршамның өзгеруін немесе басқа жаяу жүргіншілердің әрекеттерін дер кезінде байқамауы мүмкін. Бұл секундтар ішінде өмірлік маңызы бар шешімдер қабылдау қажет болған жол жағдайында өте қауіпті.
Жолдан өтпес бұрын міндетті түрде келесі қарапайым, бірақ маңызды қадамдарды орындағаныңыз жөн. Біріншіден, құлаққапты шешіңіз немесе дыбысын толығымен өшіріңіз. Бұл сізге сыртқы дыбыстарды естуге және айналадағы жағдайды толық бақылауға мүмкіндік береді. Екіншіден, екі жаққа да мұқият қараңыз. Жолға шығар алдында әрқашан солға, содан кейін оңға және қайтадан солға қарап, көліктердің жоқ екеніне немесе толық тоқтағанына көз жеткізіңіз. Үшіншіден, көліктердің жылдамдығы мен қашықтығын бағалаңыз. Егер көлік жақын және жоғары жылдамдықпен келе жатса, оның өтіп кетуін күткен дұрыс. Төртіншіден, жолдағы басқа да қатысушыларға назар аударыңыз. Велосипедшілер, самокатшылар және басқа жаяу жүргіншілердің қозғалысын ескеріңіз.
Есіңізде болсын: қауіпсіздік – әркімнің өз қолында! Өз өміріңіз бен денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараңыз. Жолда абай болыңыз және басқаларға да үлгі болыңыз!

