Шымкент қаласының аумағында ағымдағы жылдың 27-29 шілдесі аралығында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Бұл шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Осы іс-шара аясында Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері түнгі уақыттағы жасөспірімдерді анықтау бағыттарында жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, қоғамға қарсы бағытталған кәмелетке толмағандар топтарын, әсіресе тәуліктің кешкі және түнгі уақытында жүрген жасөспірімдерді анықтауға баса назар аударылды. Шара барысында анықталған жасөспірімдермен түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында, профилактикалық әңгімелесулер жүргізіліп, олардың жеке басы анықталады. Қадағалау себептерін анықтаудың пайдасы, жасөспірімдердің ата-аналарының немесе оларды алмастыратын адамдардың ілесіп жүруінсіз осы немесе өзге де орындарда болу себептерін анықтау, яғни бұл тәжірибе олардың қараусыз қалу жағдайларын зерделеуге мен анықтауға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болуына және түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынғанын жадыларыңызда сақтағандарыңыз абзал.
Жалпы, іс-шара аясында ауқымды рейдтік жұмыстар ұйымдастырылды. Полиция және білім беру ұйымдарының өкілдерімен бірлесіп, жастар көп жиналатын орындар, ойын-сауық орындары тексерілді. Сонымен қатар, профилактикалық есепте тұратын «Қолайсыз отбасылар» және жасөспірімдердің тұрғылықты мекен-жайларында профилактикалық бағыттағы тексеру жұмыстары да атқарылып, өз деңгейінде жұмыстар жүргізілді. Бұл отбасылардағы балалардың жағдайына ерекше назар аударылып, қажет болған жағдайда тиісті көмек көрсетілетінін де айта кеткеніміз жөн болар.
Мұндай іс-шаралардың жиі өткізілгені балалардың қауіпсіздігін арттыруға, оларды қылмыстық әрекеттерден қорғауға және қоғамдағы тәртіпті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылатыны сөзсіз.

