Шымкент қаласының Полиция департаменті өңірде «заң мен тәртіп» қағидасын қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыстарды жалғастыруда. Әсіресе, есірткінің заңсыз айналымымен байланысты құқық бұзушылықтардың жолын кесуге баса назар аударылуда.
Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша жүріп жатқан республикалық «Қарасора-2025» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Шымкентте бір ай ішінде есірткіге қатысты айтарлықтай қылмыстар мен теріс қылықтар анықталды. «Қарасора-2025» іс-шара барысында негізгі көрсеткіштер бір айда есірткінің заңсыз айналымымен байланысты болып отыр. Жалпы 61 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, олардың ішінде 12 жағдай – есірткі заттарын өткізуге қатысты болған. 13 жағдай – есірткі өсімдіктерін егіп-өсіру фактілері, 2 жағдай – есірткіні жарнамалау қылмыстары, 34 жағдай – есірткіге қатысты қылмыстық теріс қылықтар. Қабылданған жедел шаралар нәтижесінде өткен айда заңсыз айналымнан 29 кг-нан астам есірткі заттары тәркіленіп алынды. Оның ішінде, 17 кг-ға жуығы – сора есірткі өсімдігі, 8 кг-ға жуығы – синтетикалық есірткілер, 5 кг-ға жуығы – марихуана есірткісі.
Маусым айында полиция қызметкерлері аса ірі мөлшердегі синтетикалық есірткілерді «жасырып кету» әдісімен айналысқан Түркістан облысының 23 жастағы тұрғынын ұстады. Тексеру барысында, оның Шымкент қаласы, Бозарық мөлтек ауданындағы көшелердің бірінде шамамен 100 метр сайын қатарынан 6 дана алдын ала өткізуге дайындалып бөлшектелген синтетикалық есірткі орамаларын жасырғаны анықталды. Жалпы 842 грамм есірткі тәркіленіп, күдікті қамауға алынды. Бұл дерек есірткі қылмысының жасырын әрі ұйымдасқан сипатта екенін көрсетеді.
Шымкент қаласы Полиция департаменті қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құрамында есірткі заттары бар, тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Сонымен қатар, есірткі құралдары мен жабайы өсетін сораның тізбесіне енгізілген өсімдіктерді жоюға шаралар қабылдамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Есірткіге қарсы күрес – бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Азаматтарды есірткіге қатысты кез келген ақпаратты полицияға хабарлауға шақырамыз. Бұл біздің болашақ ұрпақты сау әрі қауіпсіз қоғамда өмір сүруін қамтамасыз етуге көмектеседі.

