Ағымдағы жылдың 15-17 шілдесі аралығында Шымкент қаласының аумағында «ТҰРМЫС» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Бұл шара ҚР ІІМ-нің 2025 жылғы «Заң мен тәртіп» профилактикасы аясында ұйымдастырылды. Мақсат – отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу және онымен күресу.
Шымкент қалалық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Қ. Семжановна, Тұран аудандық полиция басқармасы ЖПҚБ Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторлары және учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп жұмыс істеді.
Тұран ауданы тұрғындарына отбасылық зорлық-зомбылықтың әр түрлері, сондай-ақ, зардап шеккендерді қорғауға арналған қорғау нұсқама және ерекше талап ұғымдары түсіндірілді. ҚР заңнамалары, атап айтқанда ҚР ҚК 108-1-бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) және ҚР ҚК 109-1-бабы (Ұрып-соғу) бойынша жауапкершіліктері жайында егжей-тегжейлі айтылды. Құқық бұзушылармен құқықтық профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, заң талаптары қатаң ескертілді. Рейд барысында Шымкент қаласының Құрсай елді мекенінде есепте тұрған тұлғалардың мекенжайлары бойынша тексерістер өткізіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері мен салдары анықталды. Әсіресе, ішімдікке салынған және құмар ойындарға әуес құқық бұзушылармен профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оларға өз әрекеттерінің отбасы үшін, әсіресе балаларына және қоғамға тигізетін зияны, сондай-ақ заң алдындағы жауапкершілігі туралы айтылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бірқатар құжаттар жинақталып, нақты шаралар қабылданды. Атап айтқанда, бір отбасындағы ішімдікке салынған тұлға анықталып, оны емдеу мақсатында наркологиялық диспансерге жолданды. Сонымен қатар, сол құқық бұзушыға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, зардап шеккен тараптың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Бұл — заңның тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған маңызды тетігі.
«ТҰРМЫС» ЖПІШ қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуға, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ отбасы институтын күшейтуге бағытталған кешенді жұмыстардың жалғасы болып табылады. Полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте белсенді жұмысын жалғастыра береді.