Интернеттегі алаяқтық — алаяқтықтың бір түрі, ақпараттық жүйені пайдалана отырып жасалған, оның ішінде интернетте орналасқан қолданбалардың барлық түрлері.
Интернет-алаяқтар кәмелетке толмағандарды онлайн-чаттарға тарта отырып, олар арқылы ата-аналарының сауалнамалық деерктерін және кейіннен банк шоттарынан ақша қаражатын ұрлай отырып, өзге де құпия ақпаратты анықтайтын жағдайлар жиілеп кеткен. Сонықтан да жасөспірімдерді алаяқтықтың осындай түрлерінен сақтандыру жұмыстарын жүргізу қауіп-қатерден сақтайтыны анық. Осы орайда Шымкент қаласында интернет-алаяқтыққа қарсы күрес жалғасуда. Жақында Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы мен Жастар ресурстар орталығы және Әл-Фараби аудандық прокуратурасы бірлесіп, «Арбат» және «Шымкент плаза» сауда үйлерінде халыққа арналған профилактикалық іс-шара өткізд.
Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындарды киберқауіптерден хабардар ету, алаяқтардың тәсілдерін тануға үйрету және цифрлық алаяқтықтан қорғау. Себебі, цифрлық технологиялар дамыған сайын, қылмыскерлер де көбеюде. Бұл жұмыстар азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Қатысушыларға буклеттер таратылып, мамандар түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қазіргі таңдағы кең таралған алаяқтықтың түрлерін мысалдармен түсіндірді. Мысалы, алдын ала төлем жасауды талап ететін жалған интернет-дүкендер тауарды жібермейді. Банк қызметкерімін деп қоңырау шалып, жеке деректерді, карта нөмірін, PIN-кодты сұрап, шотыңыздағы ақшаны ұрлауға әрекет етеді. Ешбір банк қызметкері телефон арқылы мұндай құпия ақпаратты сұрамайтынын жеткізді.
Сонымен қатар, жоғары табыс табуды уәде етіп, бірақ шындығында қаржылық пирамидалар болып табылатынын және досыңыздың аккаунтын бұзып, оның атынан ақша сұрайтынын немесе күмәнді сілтемелер жіберетінінен де ақпараттар тарқатты. Мамандар интернетті қауіпсіз пайдаланудың негізгі ережелеріне, яғни бейтаныс адамдарға жеке деректерді бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, тексерілмеген сайттардан сатып алмау, белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауларға сенбеу сияқты мәселелерге де тоқталды.
Полиция өкілдері тұрғындарды қырағы болуға және күмәнді жағдай туындаған кезде бірден құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.